Алматының зиялы қауым өкілдері қала тұрғындарына үндеу жасады
Олар карантин кезінде эпидемиологиялық талаптарды сақтауға шақырды
Елде қалыптасқан жағдайға байланысты Қазақстанның зиялы қауым өкілдері ел тұрғындарына арнап үндеу жолдады. Олардың арасында жазушы және кинодраматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай, актер, театр және кино режиссері Асанәлі Әшімов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бар.
«Бұрын-соңды болмаған осындай нәубет кезінде бірігейік. Бірлесіп жұмыс істейік, бір-бірімізді тыңдайық. Жоғарыдан беріліп жатқан мәліметтерді орындайық. Қарт буынға мен сенемін, олардың тәртібіне сенемін. Мен жастарға көңіл аударып отырмын. Қалай болса солай, маскасыз жүріп, той-жиындар жасауды уақытша доғару керек. Тойлайтын уақыт алда», - деген Асанәлі Әшімов ел осынау күрделі жағдайдан шыққанда қуанышты сәттерді атап өтетін кездердің көп болатынын айтты.
Өз кезегінде ақын, журналист және редактор Ұлықбек Есдәулет те қала тұрғындарынан эпидемиологиялық талаптарды сақтап, өз денсаулықтарына бей-жай қарамауға шақырды.
«Әлемді тітіренткен коронавирус індеті біздің халқымызға да қырғидай тиіп, шетінен баудай түсіріп жатыр. Күнде еститінің – қаралы хабар, азалы сөздер. Халқымыздың небір атпал, абзал азаматтары, қайраткер тұлғалары, дарынды, талантты адамдары беймезгіл дүниеден өтіп жатыр. Қаралы шаңырақтар, азалы отбасылар күннен күнге көбейіп бара жатыр. Сондықтан біз сақтық шараларын қайтадан күшейтуіміз керек, бізге енді бұлай қарап отыра беріп, шыбынша қырыла беруге болмайды. Медицинаны мемлекет қолына алып, бәрін тәртіпке келтіріп жатқан кезде дәрі-дәрмекті, гуманитарлық көмектерді,жедел жәрдемді, ауруханаларды жөндеп жатқан кезде, біз де өзіміз сақтық шараларын, медициналық нормаларды сақтап, індетті жеңуге бір кісідей атсалысайық», - деді Ұлықбек Есдәулет.
Сонымен бірге, ол көп адамдардың жиналуымен той, салтанатты шаралар мен басқа жиындардың әлі де өткізілетінін айтып, ел азаматтарынан осындай шараларды уақытша өткізбей тұруға шақырды.
«Баяғыда «шақырған жерден қалма» деуші еді, қазіргі кезде «шақырған жерге барма» дейтін мәтел пайда болды. Сонда да қоймастан, арамызда, ауылдарда, қалаларда тығылып той жасау, тығылып сүндет той, басқа да қыз ұзату, келін түсіру, туған күн деген дүниелерді, тіпті бір түнгі клубтарға жиналып алып, болмаса, тауға барып тығылып той-томалақ өткізу әдеті әлі де тыйылмай тұр. Соның бәрін пышақкесті тоқтату керек, әйтпесе біз осындай тәртіпсіздік, нормаларды сақтамау әрекеттерімізбен коронавирус сияқты дұшпанға көмектескен болып шығамыз. Сондықтан мың жерден қазақтың тойға бармаса – ұят, той болмаса – ұят, қонақ шақырмаса – ұят, қонаққа бармаса – ұят дейтін әдеттеріне қазақтың ұяты кінәлі болсын деген оймен жазып, таратып жатқандар бар. Меніңше, бұл дұрыс емес. Қазақтың ұятына тиіспеу керек. Қазақтың ар-ұяты әрқашанда биікте. Мұның себебін іздейтін болсақ, ұяттан емес, ұятсыздықтан, тәртіптен емес, тәртіпсіздіктен іздеуіміз керек. Сондықтан қашан да сақтық шараларын абайлап, медициналық нормаларды қолданып, барлығына да абай болайық. Үмітпен өмір сүрейік, сеніммен күн кешейік! Аман-сау жүздесейік дегім келеді», - деді Ұлықбек Есдәулет.
Жазушы Смағұл Елубай өзіңе ғана емес, айналадағы адамдардың да денсаулығына бей-жай қарамау керек екенін атап өтті.
«Құрметті, алматылықтар! Қазір Алматы қаласындағы аты жаман індетке байланысты жағдай өте күрделі болып отыр. Сол күрделі жағдайды 17 күн мобильді орталық деген ауруханада жатып, өз көзіммен көріп, бастан кешкен адам ретінде пікір айтқым келіп отыр. Сол аурухана кереуетінде жатып, біз 17 күн бойы бір нәрсе ғана тіледік. Осы біздің басымыздан кешіп жатқан ахуалды адам басына бермегей деп тіледік және ең алдымен, жақындарымызға, балаларымызға, немерелерімізге осы нәрсені көрсетпегей деп дұға еттік. Алматы қаласында бұл індетті жұқтыру деңгейі қазір өте жоғары, сондықтан да алматылықтардың арасында той, басқосу, жаназа, әсіресе, жастардың басқосуы тоқтамай тұр, шынын айтқанда. Оны өз көзімізбен көрдік, ондай трагедияның шет жағасын көзбен көріп отырмыз. Мінекей, осындай жағдайда маска киіп жүру, адам көп жиналған жерге бармау, бара қалса арақашықтықты, яғни карантин тәртібін сақтау – бәрімізге міндет дегім келеді. Оны сақтамау тек қана қасіретке алып келетінін көзбен көріп отырмыз. Аман болыңыздар, ағайын!», - деді С. Елубай.