Нұр-Сұлтанда соңғы тәулікте карантин тәртібін бұзған 60 жағдай тіркелді
Сонымен қатар тыйым салынған уақытта жұмыс істеген 18 кәсіпкер анықталды
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің Есіл аудандық полиция басқармасы басшысы Мадияр Айтуғановтың айтуынша, соңғы тәулікте Нұр-Сұлтанда карантин тәртібін бұзған 60 жағдай анықталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Тәртіп сақшылары, эпидемиологтар, еріктілер, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері карантин режимін бұзғандарды анықтау бойынша рейд жүргізуде. Соңғы тәулікте елордада мобильді топтар карантин тәртібі бұзылғанын анықтады. Оның ішінде маска тағу және әлеуметтік қашықтық сақтау бойынша міндетті талаптар сақталмаған 42 жағдай және тыйым салынған уақытта жұмыс істеген 18 кәсіпкер анықталды», - дейді Айтуғанов.
Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, заң бұзу туралы материалдар Нұр-Сұлтан қаласының тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне тапсырылған.
Айта кету керек, елордада 16 мониторингтік мобильді топ жұмыс істейді. Олар ойын-сауық орындарына, қоғамдық тамақтану нысандарына, сауна, монша, аттракциондарға барып, тексеріс жүргізеді. Карантин тәртібін бұзған жеке тұлғаларға 30 АЕК (83 340 теңге), заңды тұлғаларға 230 АЕК (638 940 теңге) көлемінде айыппұл салынады.