Екі адамның жұмысын істейді: алаяқтар тегін хабарландыру сайттарында қалай әрекет етеді
«Kaspi.kz алаяқтарға қарсы» науқаны аясында Kaspi.kz-тің YouTube-арнасында дәл осындай алаяқтық схема көрсетілген бейнеролик жарияланды
Интернет-алаяқтар тегін хабарландыру сайттарының тұрақты «қонақтары». Көпшіліктің ойынша, мұнда тек сатып алушылар ғана алданады, бірақ іс жүзінде сатушылар да жиі құрбан болады. Кейде алаяқтар бірден екі тарапты да алдайды. Төменде осындай алаяқтық схеманы егжей-тегжейлі түсіндіреміз.
Схема қалай жұмыс істейді?
Ол бірнеше кезеңнен тұрады әрі біршама күрделі:
1-қадам: Алаяқтар қымбат тауар туралы шынайы хабарландыруды көшіріп алады. Ондағы байланыс деректері мен бағаны өзгертеді. Мысалы, соңғы үлгідегі жаңа iPhone-ды небәрі 250 мың теңгеге «сатамыз» деп жазады. Ал мұндай смартфондардың нақты бағасы 624 мың теңгеден басталады.
2-қадам: Хабарландыру жарияланғаннан кейін бірден әлеуетті сатып алушылар қоңырау шала бастайды. «Неге сонша арзан?» деген сұраққа алаяқтар нақты жауап бермейді. Оның орнына арзан бағаға қызыққан адамдар көп екенін меңзейді. Осылайша олар жасанды сұраныс тудырып, адамды асығыс шешім қабылдауға итермелейді. Дәл осы асығыстық жағдайды дұрыс бағалауға және алдауды дер кезінде тануға кедергі болады.
3-қадам: Жәбірленуші тауарды сатып алуға келіскен соң, алаяқтар көпшілік жиналатын жерде кездесу белгілейді. Сол жерде тауарды көзбен көріп, соңғы шешім қабылдау ұсынылады. Бірақ маңызды бір ескерту жасайды: тауарды өздері әкеле алмайтынын, оның орнына «інісі» келетінін айтады.
4-қадам: Осыдан кейін алаяқтар шынайы сатушыға хабарласып, енді өздерін сатып алушы ретінде таныстырады. Тауарды дәл сол алдын ала келісілген жерде көруді ұсынады.
5-қадам: Алаяқтар шынайы сатып алушы мен сатушының кездескен сәтін бақылайды. Өздері кездесуге келмейді. Оның орнына сатып алушыға қоңырау шалып, тауар ұнаған-ұнамағанын сұрайды. «Иә» деген жауап алған соң, төлем жасауды сұрап, банк картасының деректерін жібереді. Мұнда тағы бір маңызды шарт айтылады: төлем туралы «інісіне» айтпау және ақшаны үнсіз аудару қажет дейді. Ал нағыз сатушы сол жерде тұрып, ештеңеден бейхабар болады — ол әңгімені естімейді және сөз өз тауары жайында болып жатқанын ойлауға еш негіз жоқ.
6-қадам: Сатып алушы көрсетілген деректер бойынша ақша аударады да, сатушыдан тауарды сұрайды. Ал сатушы, әрине, алдымен төлем жасауды талап етеді. Дәл осы сәтте алаяқтық әшкереленеді, бірақ тым кеш болады.
Банк аударымды кері қайтара ала ма?
Жоқ. Егер ақша алушының шотына түсіп қойса, заң бойынша банк оны алушының келісімінсіз кері қайтара алмайды.
Өзіңізді қалай қорғауға болады?
Біріншіден, қымбат тауарлар нарық бағасынан бірнеше есе арзан ұсынылған хабарландыруларға сенбеңіз. Ешбір сатушы өзіне зиян келтіріп, тауарын арзанға сатпайды.
Екіншіден, тауарды офлайн сатып алсаңыз, сатушыдан төлем деректерін міндетті түрде жеке өзінен нақтылап алыңыз.
Екіншіден, тауарды офлайн сатып алсаңыз, сатушыдан төлем деректерін міндетті түрде жеке өзінен нақтылап алыңыз.
Үшіншіден, тауарды тікелей сатушының өзінен сатып алыңыз. “Інісі”, “танысы” немесе басқа делдалдар арқылы келісім жасауға келіспеңіз.
Төртіншіден, өз көзіңізбен көрмеген тауар үшін “алдын ала төлем” немесе “кепілақы” ретінде ақша аудармаңыз.
«Kaspi.kz алаяқтарға қарсы» науқаны аясында Kaspi.kz-тің YouTube-арнасында дәл осындай алаяқтық схема көрсетілген бейнеролик жарияланды.
Еске салайық, Kaspi.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қолдауымен ең жиі кездесетін алаяқтық схемалар туралы бейнероликтер сериясын дайындады. Бұл материалдар адамдардың алданбауы үшін жасалған. Бейнероликтерді Kaspi.kz-тің ресми YouTube-арнасынан көруге болады.