Бүгін, 11:31
Қоғам

Қарулы күштердің жаңа талабы: енді Қазақстанда әскерге барған жігіттер жылына 5 кітап оқуға міндеттелді

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің сайты жазды

Қарулы күштердің жаңа талабы: енді Қазақстанда әскерге барған жігіттер жылына 5 кітап оқуға міндеттелді
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстанның Қарулы Күштері әскердегі жігіттерге қатысты жаңа талап енгізді: енді әскерге барған сарбаз жылына кемінде 5 кітап оқуға міндеттелді.  Бүгін, 23 сәуір – Қазақстандағы кітап оқу күнінің қарсаңында Қарулы күштер осындай шешім қабылдаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы министрліктің ресми сайтында жазылған. Айта кетейік, 23 сәуір күні сондай-ақ ЮНЕСКО-ның бастамасымен Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні ретінде тойланады. Ал, Қазақстанда бұл күн президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еніп, алғаш рет 2025 жылы оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған маңызды мәдени-ағартушылық дата ретінде аталған еді.

«Қазақстан Қарулы Күштерінде оқу мәдениетін қалыптастыру жұмысы жүйелі өтеді. Бүгінде әскери бөлімдер мен мекемелерде 322 кітапхана жұмыс істейді. Олардың қорында 52 434 дана көркем әдебиет және 198 293 оқу басылымы бар», - деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің сайты.

Ұлттық әскери-патриоттық орталығы әскери-ғылыми кітапханасының меңгерушісі Оксана Әлжанованың айтуынша, бұл орталықтың кітапханасы 2020 жылдың желтоқсан айында ашылған. Кітапхана қорында 7000-нан астам кітап бар.