Бүгін, 15:21
Қоғам

Қазақстанда сатуға болмайтын балалар пюресінен егеуқұйрықтың уы табылды деген ақпарат тарады

Комитет елде бұндай өнімді тапқан жоқ

Қазақстанда сатуға болмайтын балалар пюресінен егеуқұйрықтың уы табылды деген ақпарат тарады
Фото: www.hipp.ru

Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті балаларға арналған пюреден егеуқұйрықтың уы табылды деген ақпаратты тексере келе, Қазақстандағы дүкендерден бұндай өнімді тапқан жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өйткені, комитеттің ресми мәліметіне сүйенсек, HiPP компаниясының пюресі Қазақстанда сатылмайтын болып шыққан. Айта кетейік, бұл компанияның балаларға арналған тамағы Германияда жасалады.

«Германияда жасалатын HiPP балалар тағамынан егеуқұйрықтың уы анықталды деген ақпаратқа байланысты Комитет мынаны хабарлайды: Еуропалық одақтың құзыретті органдарынан Азық-түлік пен жемшөптің сапасы бойынша жедел хабарлау жүйесі (RASFF), сондай-ақ ДДСҰ-ның Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық органдар желісінен бұндай ақпарат түскен жоқ. Бұл тамақ Еуразиялық экономикалық одақтың мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерінің Бірыңғай тізіміне тіркелмеген, осыған байланысты оны Қазақстан аумағында және ЕАЭО-ның басқа елдерінде сатуға рұқсат жоқ», - деп хабарлайды комитет.

Дегенмен, комитеттің аумақтық бөлімшелері мониторинг жүргізе келе, Қазақстанның сауда орындарынан бұндай тамақты таппаған.

«Өнім сатылымда анықталған жағдайда азаматтардан жедел шаралар қабылдау үшін Комитеттің аумақтық бөлімшелеріне хабарласуды сұраймыз», - дейді ресми дереккөз.