Бүгін, 14:15
Қоғам

Келесі жылдан бастап Қазақстанда мұғалім мамандығын таңдаған түлектер ҰБТ-мен қатар ауызша емтихан тапсырады

Бұл туралы вице-премьер Аида Балаева мәлім етті

Келесі жылдан бастап Қазақстанда мұғалім мамандығын таңдаған түлектер ҰБТ-мен қатар ауызша емтихан тапсырады
Фотоколлаж: ЖИ арқылы жасалған, Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Келесі жылдан бастап Қазақстанда педагогикалық мамандықтарға оқуға түскісі келген студенттер ҰБТ-мен қатар ауызша емтихан да тапсырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлім етті. Ол бүгін үкіметтің әлеуметтік желідегі парақшасында видеоүндеу жариялап, Қазақстан ұлттық бірыңғай тестілеу мен оқуға түсу тәртібіне өзгеріс енгізетінін мәлімдеді.

«Бүгінде әлемнің жетекші елдерінде жаңа білім беру модельдері жасалып, халықаралық ынтымақтастық күшейіп, цифрлық жүйелер еніп жатыр. Мұндай тәсілдер оқушылардың қабілетін ерте анықтауға, таланттарды жан-жақты қолдауға, сондай-ақ жеке білім беру траекторияларын дамытуға мүмкіндік беретін жаңа білім беру жүйесін қалыптастырады. Нәтижесінде білім саласы тек білім берумен шектелмей, нақты дағдыларды меңгерген, экономиканың сұранысына жауап беретін мамандарды даярлауға бағытталады. Бұл – кезекті реформа емес, сапалы жаңа кезеңге көшу. Осы үдерісте талапкерлерді іріктеу жүйесін, соның ішінде ҰБТ-ны жетілдіру шешуші рөл атқарады», - деді ол.

Аида Балаеваның айтуынша, Қазақстандағы көпжылдық тәжірибе ҰБТ деген жүйе жоғары оқу орындарына түсу кезінде ашықтықты, қолжетімділікті және бірыңғай талаптарды қамтамасыз ететін тиімді құрал екенін көрсетті. Бірақ, Балаева қазір заман өзгерді деп санайды.

«Уақыт өте келе білім берудегі трендтер, еңбек нарығы, құзыреттер мен ережелер өзгеріп жатыр. Біз білім саласында кеткен кемшіліктерді анықтап, оларды түзетуіміз қажет. Атап айтсақ, ҰБТ-ны бірнеше рет тапсыру жүйесі талапкерлерді сапалы іріктеу мәселесін толық шешпейді. Сонымен қатар, қазіргі кезде жоғары оқу орындары білімді, дарынды жастарды өз бетінше іріктей алмайды. Себебі мүмкіндіктері шектеулі. Бұл, ең алдымен, адами капиталды дамытудың негізгі қозғаушы күші саналатын педагогикалық жоғары оқу орындарына қатысты. Осыған байланысты бірқатар шараларды қабылдау қажеттілігі туындап отыр», - деген ол үкімет нақты қандай өзгерістерді жоспарлап отырғанын жария етті.

Біріншіден, Балаеваның айтуынша, ҰБТ ұстаздарды іріктеу кезінде болашақ маманның қыр-сырын толық аша алмайды. Сондықтан, мұғалім боламын деген маманмен жан-жақты сөйлесу маңызды.

«Бірінші. Педагогикалық жоғары оқу орындарына талапкерлерді іріктеу кезінде тестілеу жүйесі мен арнайы емтихандарды қатар қолданатын гибридті бағалау формасын енгізу. Бұл ретте негізгі назар тек пәндік білімге ғана емес, ойлау қабілетіне, талдау дағдыларына, оқуға дайындық деңгейіне және басқа да маңызды көрсеткіштерге аударылуы тиіс. Өйткені «педагог» – жай ғана мамандық емес. Бұл – балалармен жұмыс істейтін, үлкен жауапкершілік жүгін арқалаған тұлға. Сондықтан бұл мамандық үшін біліммен қатар, сыныппен жұмыс істеу, оқушылардың ерекше қабілеттерін анықтай білу аса маңызды. Келесі жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға түсу кезінде ҰБТ-мен қатар ауызша емтихандардың нәтижелері де ескерілмек. Бұл емтихандарда талапкерлердің сыни ойлау қабілеті мен коммуникациялық дағдылары негізгі критерий болады. Сондай-ақ бұл мәселеде халықаралық сарапшылармен бірлесіп әзірленіп жатқан жаңа Admissions Insight Test тапсырмаларына ерекше мән беріледі», - деп мәлімдеді Балаева.