16.04.2026, 10:00
Қоғам

Алматы дәрігерлері төртінші қабаттан құлап, тірі қалған бес жасар қыздың тұсауын кесті (ФОТО)

Кішкентай Томирис енді бұрынғыдай, өз аяғымен жүре алады

Алматы дәрігерлері төртінші қабаттан құлап, тірі қалған бес жасар қыздың тұсауын кесті (ФОТО)
Фото: скриншот

 

Алматыдағы балаларды оңалту орталығының дәрігерлері нағыз ерлік жасап, өте ауыр хәлде болған екі баланы емдеп шығарды. Томирис пен Руфина есімді екі бүлдіршіннің тұсауын кескен дәрігерлер оларды шынымен де ақ жолға салды, деп жазады Azattyq Rýhy

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі жазғандай, бұл екі баланың аяқтан тік тұруы – нағыз ғажап оқиға.

Төртінші қабаттан құлаған Томиристің ерік-жігері көпті тәнті етеді

Осыдан екі жыл бұрын, небары үш жасында Томирис көпқабаттың үйдің төртінші қабатынан құлап кеткен еді. Оның бас-сүйегінен түк қалмаған деуге болады. Өте ауыр хәлдегі баланың жүрегі екі рет тоқтап, екі рет клиникалық өлім тіркелген. Бірақ, №2 қалалық балалар ауруханасының дәрігерлері одан айырылып қалмау үшін жанталаса шұғыл оталар жасаған. Нейрохирургтар бірнеше ауыр ота жасап, баланың беті бері қараған.

«Жүрегі қайта соғып, дем алған қыздың алдында ауыр жол тұр еді. Томирис операциялардан кейін ұзақ уақыт емделді. Алдымен қолына, одан кейін аяғына жан кіре бастады. Ұзақ уақыттан кейін бала өздігінен отырды. Екі жыл бойы жеті рет оңалтудан өтті. Енді, міне, сол екі жылғы еңбектің жемісін көріп отырмыз. Томирис өз аяғымен жүріп, үлкен өмірге қайтадан қадам басты. Балаларымыз ешқашан ауырмасын», - дейді тұсаукесер рәсіміне қатысқан Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов.

Немересінің қайтадан аяқ басқан сәтінде оның әжесі көз жасын тыя алмай, дәрігерлерге қайта-қайта алғыс айтты.

«Руфина өмір бойы арбаға таңылып өтеді деп еді...»

Томириспен бірге тұсауы кесілген тағы бір сәби – төрт жасар Руфина. 2022 жылы туған ол өмір есігін аша сала қатты ауырған. Дәрігерлер балаға ауыр церебралды сал ауруы диагнозын қойған. орталыққа келгенде де Руфинаның денсаулығы өте нашар еді. бала қозғалмайтын, тек арбада отыратын.

Үш жасында Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының дәрігерлері Руфинаға аса ауыр операция жасап берген. Бала содан кейін бірнеше сатылы оңалтудан өтіп, бүгін аяғын басты.