Атырауда Спорт басқармасы карантин кезінде 22 миллион теңгеге киім-кешек сатып алмақ
Елде коронавирусқа байланысты спорттық іс-шаралар наурыз айынан бастап өткізілмей келеді
Атырау облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасы 22 млн 321 мың теңгеге спорттық киім тігуге конкурс жариялады, деп хабарлайды Ақжайық. Осылайша, облспорт жергілікті 500 спортшыны киіндірмек ниетте.
«Техникалық құжаттарға сәйкес, «спорттық күртеше мен шалбар құрамында полиэстер талшықтары бар мықты синтетикалық матадан болуы керек, бұл материалға салмақ түскенде мықты болады және жаттығу кезінде өте ыңғайлы. Футболка мен шорттар да заманауи матадан болғаны дұрыс. Жеңіл кроссовкалар ыңғайлы және көзге тартымды болуы шарт», - делінген ақпаратта.
Келісімшартқа қол қойылғаннан кейін конкурс жеңімпазы Дене шынықтыру және спорт басқармасына 5 күн ішінде келісіп, ескертулерді жою үшін дайын үлгілерді ұсынуы тиіс. Өтінімдер 8 шілдеден бастап қабылданып, 23 шілдеде аяқталады. Тендерлік комиссияның төрағасы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов деп көрсетілген.
Естеріңізге сала кетейік, маусым айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жергілікті департамент ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы («Аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену») бойынша «Атырау» кәсіби спорт клубы» қоғамдық қоры мен Дене шынықтыру және спорт басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.