Бауыржан Байбек «Birgemiz» қорынан көмек алу үшін ЕСП төлеу керек деген ақпаратты жоққа шығарды
«Birgemiz» қоры алғашқы күннен бастап 550 мыңнан астам қазақстандық отбасыға атаулы көмек көрсетті
«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Biz Birgemiz» ұраны аясында телеграм-боттар мен әртүрлі онлайн төлем жүйелері арқылы «50 мың теңгеден таратылып жатыр, ол үшін бірыңғай жиынтық төлем аудару керек» деген ақпаратты жоққа шығарды.
«Әлеуметтік желілерде «Biz Birgemiz» ұраны аясында телеграм-боттар мен әртүрлі онлайн төлем жүйелері арқылы 50 мың теңгеден таратылып жатыр екен деген жалған ақпарат пайда болғанын хабарлаймын. Кейбір азаматтар қордың қайырымдылық көмегін алу үшін 2485 теңге мөлшерінде біржолғы жиынтық төлем төлеу қажет деген фейк хабар таратып жатыр. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды», - деп жазды ол.
Оның хабарлауынша, қор қаражатынан берілетін материалдық көмек алушыларға екінші деңгейдегі банктер арқылы жеке тұлғаның карточкасына немесе ағымдағы есепшотына аудару тәсілімен беріледі. Бұл ретте қандай да бір құжат ұсыну немесе салық төлеу талап етілмейді.
«Сонымен қатар банктер ешқандай комиссия алмайды, егер алушының банк алдында несиесі бойынша қарызы болса да, бұл қаражат осы қарызды өтеу үшін ұсталмайды. Өздеріңіз білетіндей, Елбасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоры алғашқы күннен бастап 550 мыңнан астам қазақстандық отбасыға атаулы көмек көрсетті. Сондай-ақ коронавируспен күреске жұмылдырылған 2 мыңнан астам медицина қызметкері де 50 мың теңгеден алды. «Jas Otan» белсенділері 300 мыңдай отбасыға азық-түлік себеттерін жеткізіп берді. Сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Мақтаарал ауданындағы су басудан зардап шеккен Достық ауылының тұрғындарына арнап жаңа үйлер салуға қордан 340 миллион теңге бөлінді», - деді ол.
«Birgemiz» қоры ашық және есеп беру қағидаттары негізінде халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына қолдау көрсету жұмыстарын ары қарай да жалғастыра береді. «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары халықты тек ресми ақпаратқа жүгінуге шақырды.
«Осындай күрделі кезеңде кейбір теріс ниетті жандардың қиындыққа душар болған азаматтардың сенімімен ойнауы өте өкінішті жәйт. Қор басшылығы мұндай алаяқтық әрекеттердің жолын кесу үшін құқық қорғау органдарына жүгінеді. Тағы да қайталап айтқым келеді, тек ресми ақпарат көздеріне ғана сеніңіздер!», - деп түйіндеді ол сөзін.
Еске сала кетейік, 50 мың теңге алу үшін ЕСП төлеу керек деген ақпаратты Еңбек министрлігі де жоққа шығарды.