Қазақстанда студенттердің стипендиясын тағы да өсіру жоспарланып отыр
Соңғы бес жылда шәкіртақы жүз пайыз артқан
Қазақстанда студенттердің стипендиясын жыл сайын көтеру бағдарламасын қайта бастау көзделіп отыр. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, соңғы бес жылда «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында стипендия кезең-кезеңмен, жыл сайын 20-25%-ға артып отырған.
«Нәтижесінде ол 100%-ға дейін өсті. 2025 жылы біз бұл бағдарламаны аяқтадық. Қазір үкіметпен осы мәселені пысықтап, стипендия мөлшерін жыл сайын қайтадан өсіріп отыру үшін осы бағдарламаны қайта бастағымыз келеді», - деді Саясат Нұрбек Үкіметте өткен брифингте.
Министр бес жыл ішінде докторанттардың шәкіртақысы ең көп өскенін атап өтті. Айтуынша, қазір PhD докторанттар ай сайын шамамен 254 мың теңге алады.
«Алдағы уақытта оның мөлшерін тағы көтереміз», - деді ол.
Сондай-ақ Саясат Нұрбек мемлекет мемлекеттік ЖОО-лардағы оқу ақысының бағасын реттеп, оның күрт өсуіне жол бермейтінін айтты. Университеттерге бағаны тек аздап, 10 пайыздан аспайтын мөлшерде ғана өсіруге рұқсат етіледі. Сондықтан биыл оқу ақысы айтарлықтай қымбаттамайды, деп сендірді ведомство басшысы.