Қазақстанда жаңа форматтағы эндаумент қорға 10 млрд теңге тартылады
Міндеттемелер бір ғана компаниядан жиналған
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек инновациялық жобаларды жүзеге асыруға қажет инвестициялар қалай тартылатынын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, қазір инвестиция тарту бойынша бірнеше заңнамалық тетік қалыптасу үстінде.
«Біріншісі — қазір енгізіліп жатқан өзгерістер аясында ғылыми-тәжірибелік гранттар бойынша арнайы грант түрі қарастырылған. Бұл жерде «өлім алқабы» деген ұғым бар. Яғни іргелі ғылымнан бастап нәтижені коммерцияландыру деңгейіне дейін жеткізу үшін TRL 3–4 деңгейінен 6 деңгейіне дейін өтуді қамтамасыз ететін ұзақ мерзімді құрал қалыптастырылып жатыр. Екіншіден, эндаумент қорлар туралы заң қабылданды. Осы заң аясында осы жылдың басында жаңа модель бойынша алғаш рет эндаумент қор тіркелді, оның көлемі 10 миллиард теңгеге дейін жетеді. Тек бір компаниядан міндеттемелерді жинадық. Бұл да ұзақ мерзімді қаржыландыру құралы болып саналады. Алдағы уақытта әрбір жоғары оқу орны мен ғылыми-зерттеу институтының жанынан осындай ғылыми эндаумент қорлар құрылады», - деді ол Үкімет отырысында.
Үшіншіден, ең үлкен үмітіміз — Бюджет кодексі мен Салық кодексіне енгізілген арнайы «супер шегерімдер», дейді министр.
«Яғни салық жеңілдіктері 300 пайызға дейін жетеді. Бұл жаңа механизм биылдан бастап жүйелі түрде жұмыс істей бастаса, ұзақ мерзімді ғылыми жобаларға қосымша қаржы тартуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті ол.