Бүгін, 10:12
Қоғам

Қазақстанда 408 емшара кабинеті рұқсатсыз жұмыс істеген – оның жартысынан көбі жабылды

Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады

Қазақстанда 408 емшара кабинеті рұқсатсыз жұмыс істеген – оның жартысынан көбі жабылды
Фото: freepik.com

Денсаулық сақтау министрлігінің жаппай тексеруінен кейін Қазақстанда ешқандай рұқсат қағазын алмай жұмыс істеген 408 емшара кабинеті табылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тексеруден кейін олардың 270-і өз еркімен жабылған. Айта кетейік, былтыр Қазақстанда емшара кабинетінде екпе алған бірнеше адам көз жұмған еді. Осындай өлім-жітімнен кейін Денсаулық сақтау министрлігі жаппай тексеру бастаған.

«Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жүргізген мониторингтің барысында 1900 жеке емшара кабинетінің 408-і тиісті лицензиясыз медициналық қызмет көрсеткені анықталды. Уәкілетті орган жүргізген тексерулердің нәтижесінде 270 емшара кабинеті өз қызметін ерікті түрде тоқтатты; бірқатар субъектілер қызметін заңдастыруға дайын екенін білдіріп, рұқсат беру құжаттарын рәсімдеуге кірісті; 116 нысанға қатысты жоспардан тыс тексерулер басталды», - деп хабарлайды ДСМ.

Жалпы, бұл саладағы заң бұзу фактілерінен кейін емшара кабинеттеріне қатысты 147 әкімшілік іс қозғалып, 16 млн теңге айыппұл салынған.