«Әйелдердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайды»: Бас прокуратура «екінші жұбайларға» қатысты мәлімдеме жасады
Прокуратура сондай-ақ Наурыз мейрамына қатысты да ескерту жасаған
Қазақстанның Бас прокуратурасы наурыздың соңғы күндерінде әлеуметтік желіде таралған бірнеше видеоға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Атап айтсақ, Бас прокуратура азаматтардың пікір білдіру кезінде, оның ішінде онлайн-платформаларда және өзге де жария ақпараттық алаңдарда заңды бұзбауға шақырады.
«Жекелеген тұлғалардың ұлттық дәстүрлерге, әдет-ғұрыптарға және тек елімізде ғана емес, оның шегінен тыс жерлерде де көп ғасырлық тарихы бар Наурыз мейрамын атап өтуге қатысты теріс пікірлерді жария түрде таратқан жағдайлары тіркелді. Бұндай мәлімдеме жасаған азаматтар өздерінің жалған діни догмаларына сүйенген», - деп хабарлайды Бас прокуратура.
Құзырлы органның баспасөз қызметі хабарлағандай, мұндай мәлімдемелер Қазақстан Республикасының өзін зайырлы мемлекет ретінде айқындайтын Конституциясының қағидаларына қайшы келіп қана қоймай, сондай-ақ елдегі қоғамдық келісімге, оның ішінде ұлтаралық және дінаралық татулыққа зиян келтіруі мүмкін, сондай-ақ ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың беделін түсіреді. Бас прокуратура сондай-ақ «екінші әйелін шәкіртіне сыйлаған» Құрбанәлі Ахмет Ишан мен журналист Жанар Байсеміздің сұхбатына қатысты да мәлімдеме жасаған.
«Сондай-ақ журналистердің, блогерлердің және ақпараттық алаң иелерінің жауапкершілігіне ерекше назар аударғымыз келеді. Жалған діни көзқарастарды насихаттайтын тұлғаларға көпшілік алдында сөз беру арқылы олар шын мәнінде жалған әрі арандатушылық сипаттағы мәлімдемелердің таралуына ықпал етеді, қоғам санасына теріс әсерін күшейтеді, гендерлік теңсіздікті насихаттап, әйелдердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайды. Масс-медиа өкілдерін кәсіби этика қағидаларын, объективтілікті сақтауға және қоғамдық келісімді бұзуы мүмкін идеяларды насихаттауға өз платформаларын пайдалануға жол бермеуге шақырамыз», - деп хабарлайды Бас прокуратура.
Бас прокуратураның дерегінше, қоғамдық тәртіпке және азаматтардың құқықтарына әсер етуі мүмкін көрінеу жалған ақпаратты тарату Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады. Ал, ұлттық, діни немесе өзге де әлеуметтік алауыздықты қоздыруға бағытталған жария мәлімдемелер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабының қолданысына жатады және ауыр қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.