Танымал академик Асқар Жұмаділдаевтің құрметіне мұғалім математиктердің олимпиадасы өтті
Оған 100-ден астам мұғалім қатысып, 20 педагог үздік атанды
Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаевтің 70 жылдық мерейтойына орай Қазақстанда тұңғыш рет жас математиктер арасында олимпиада өтіп, 20 педагог Жұмаділдаевтің қолынан марапат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, жарыс жеңімпаздары жалпы жүлде қоры 2 млн теңге болатын қаржылай сыйақыға ие болды.
«Бұл Олимпиадаға біз Маңғыстау облысынан келіп қатыстық. Есептер өте қызық әрі күрделі болды. Жарыста мұғалімдердің академиялық адалдықты сақтауына үлкен мән берілді. Бәсекелестер де мықты, менен де тәжірибелі және білімді мұғалімдердің болғаны анық. Бірақ бағымыз жанып, 1 орын иелендік. Белгілі математик Асқар Жұмаділдаевтың қолынан марапат алуды үлкен мәртебе санаймын»,- дейді жүлдегер Бауыржан Кубеев.
Beta High School мектебі ұйымдастырған олимпиадаға Қазақстанныі өңір-өңірінен 100-ден аса мұғалім қатысып, білім жарысының қорытындысы бойынша 20 педагог жеңімпаз атанды. Мектеп директоры әрі математика мұғалім Бақнұр Зиябековт бұл жарыс дәстүрге айналып, келесі олимпиада күзде өтетінін мәлім етті.
«Әдетте, ұлт тұлғаларының мерейтойында бәйге, көкпар, айтыс секілді үлкен тойлар өтіп жатады. Біз бұл үрдіске өзгеріс енгізіп, Асқар ағамыздың 70 жылдығында олимпиада өткізуді жөн көрдік. Бұл өскелең буын үшін де пайдалы. Неге десеңіз, білімді өмірде қолдануды зерттейтін халықаралық PISA рейтингі бойынша біздің ел 80 орында тұр. Ал TIMSS бойынша үздік отыз елдің қатарындамыз. Бұл біздің балалар бәрін біледі, бірақ өмірде қолдана алмайды деген сөз. Бұл математикалық сауаттылық көрсеткіші төмен дегенді білдіреді. Біз жарыста мұғалімдерге қолданбалы есептер беріп, олардың біліктілігін арттыруды көздейміз» - деді Бақнұр Зиябеков.