«AMANAT» партиясында сауда жүйесіндегі ашықтық пен отандық өнімді қолдау мәселелері бойынша талқылау өтті

Қазіргі таңда ішкі сауда ережелерін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде

«AMANAT» партиясында сауда жүйесіндегі ашықтық пен отандық өнімді қолдау мәселелері бойынша талқылау өтті
Фото: Azattyq Rýhy

Астанада «AMANAT» партиясы жанындағы Аграрлық сектордың мәселелері жөніндегі республикалық кеңес отырысы өтіп, онда «Отандық тамақ өнімдерін өндірушілерді қорғау және қолдау жөніндегі шаралар» қаралды. Жиында ішкі сауда саясатының дамуы, отандық өндірушілердің нарықтағы жағдайы және баға қалыптастыру тетіктерінің ашықтығы мәселелері көтерілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Ішкі сауданы дамыту департаментінің директоры Аңсар Оразәлиевтің айтуынша, Қазақстанда ішкі сауда көлемі тұрақты өсімді  көрсетіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ішкі тауар айналымы 14,6%-ға өсіп, 80 трлн теңгеге жеткен. Сауда құрылымында көтерме сауда 53,5 трлн теңгені, бөлшек сауда 26,4 трлн теңгені құрады.

«Соңғы үш жылда алғаш рет салаға салынған инвестициялар 42%-ға өсіп, 1 229 млрд теңгеге жетті. Сауда секторына бизнес тарапынан сенімнің артқанын көруге болады. Әлемдік деңгейдегі қиындықтарға қарамастан, сыртқы сауда айналымы да өсім көрсетті. Ол 143,9 млрд-қа жетті. Шикізаттық емес экспорт 40 млрд-ты құрады. Ал жалпы шикізаттық емес тауарлар экспорты өткен жылдың деңгейінде қалып, 28,7 млрд доллар шамасында сақталды», - деді ол.

Аңсар Оразәлиев сондай-ақ 2030 жылға дейінгі сауда саясатының тұжырымдамасы аясында бірқатар басым бағыттар айқындалғанын атап өтті.

«Біріншіден, сауданың өнімділігін арттыруға бағытталған заманауи сауда экожүйесін қалыптастыру; екіншіден, отандық тауарларды ішкі және сыртқы нарықта ілгерілету, шикізаттық экспорттан жоғары қосылған құнды өнімдер экспортына көшу; үшіншіден, тұтынушылардың құқықтарын жан-жақты қорғау, тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету.

Ішкі сауда саласында құрылымдық жаңғырту және ашықтықты арттыруға бағытталған шаралар жүзеге асырылуда. Сауданың заманауи форматтарын дамыту үшін бірыңғай стандарттар әзірленді. Сонымен қатар алғаш рет ішкі сауда субъектілерін мемлекеттік қолдау тетіктері енгізілді. Бұл бағытта 4,3 млрд теңге бөлініп, екінші деңгейлі банктер арқылы 460 жоба қолдау тапты. Әкімдіктермен бірлесіп базарларды жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Сауда сөрелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін отандық өнімдердің кемінде 30% үлесі барлық тауар топтары мен сауда инфрақұрылымына енгізілді. Мемлекеттік қолдау алушылар үшін бұл талап қосымша 20%-ға арттыру міндетімен толықтырылған. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында ішкі және сыртқы нарықты дамыту жоспары бекітілді. Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының саны 80-нен асады», - деді ол.

Оның айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік маңызы бар өнімдерге сауда үстемесін бақылау күшейтілді және әлеуметтік осал топтарға атаулы көмек ретінде азық-түлік ваучерлерін енгізу қолға алынды. Ақмола мен Павлодар қалаларында пилоттық жоба тиімді нәтиже көрсетіп, жыл соңына дейін оны барлық өңірлерге кезең-кезеңімен кеңейту жоспарланып отыр.

Жиында сөз алған Ақтөбе облысындағы сүт және сүт өнімдерін өндірушілер қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Сағынғазы Құрманалин сауда желілерімен жұмыс барысында туындайтын бірқатар жүйелік мәселелерге тоқталды.

«Біздің «Айс» сүт компаниясы Батыс Қазақстан облысына өнім жеткізеді. Алайда логистика, салықтық өзгерістер және сауда желілеріндегі қосымша маркетингтік талаптар өнімнің өзіндік құнына тікелей әсер етеді. 27 қаңтарда дистрибьюторға сауда үстемесін асыру фактісі бойынша айыппұл салынды. Бірақ бұл өсімнің артында объективті себептер бар», - деді ол.

Оның айтуынша, тасымал шығындары, жаңа салықтық талаптар және сауда желілеріндегі жасырын ретро-бонус жүйесі баға қалыптасуына қосымша жүктеме түсіреді.

«Бұл бонус жүйесі тікелей көрсетілмейді, бірақ түрлі акциялар, жарнамалық міндеттемелер арқылы өндірушіге қосымша шығын ретінде жүктеледі. Соның салдарынан дистрибьюторлар да, өндірушілер де ашық түрде шағымдана алмайды», - деді Сағынғазы Құрманалин.

Ол нарықтағы қатынастарды барынша ашық әрі бірізді ету қажеттігін атап өтті.

«Барлық төлемдер мен талаптар бір форматта, түсінікті түрде реттелуі керек. Қазіргі жүйе өндіруші үшін де, дистрибьютор үшін де қосымша тәуекелдер туғызып отыр», - деді ол.

Сауда комитеті төрағасының орынбасары Дәулен Қабдушев өз кезегінде сауда саласындағы қатынастар заңмен нақты реттелгенін атап өтті. Оның айтуынша, сауда желілеріне төленетін сыйақы мөлшері 5%-дан аспауы тиіс, ал әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша бұл көрсеткіш 0% деңгейінде белгіленген.

Оның түсіндіруінше, бұл норма сауда желілеріндегі қосымша шығындар мен баға қалыптастыру мәселесіне тікелей қатысты құқықтық шектеулерді айқындайды. Яғни, өндіруші мен сауда желісі арасындағы жасырын немесе қосымша төлемдер заң аясында реттеледі.

«Егер келісімшарт талаптары бұзылса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Қазіргі таңда ішкі сауда ережелерін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде», - деді ол.

Жиын қорытындысында қатысушылар ішкі сауда жүйесін дамыту, отандық өнімдердің нарықтағы үлесін арттыру және баға қалыптастыру тетіктерінің ашықтығын күшейту мәселелерінің өзектілігін атап өтті.