Бүгін, 12:25
Қоғам

«Өз басым Ақмола мен ШҚО-да қауіп бар деп ойлаймын»: Бозымбаев су тасқыны туралы болжамын айтты

Жалпы, тиісті органдардың мәліметінше, Қазақстанда бес облысты су басу қауіпі бар

«Өз басым Ақмола мен ШҚО-да қауіп бар деп ойлаймын»: Бозымбаев су тасқыны туралы болжамын айтты
Фото: Ақорда

Қазақстанның бес облысын су басу қауіпі бар. Соның ішінде, вице-премьер Қанат Бозымбаевтың жеке пікірінше, ең қауіпті аймақ – Ақмола мен Шығыс Қазақстан облыстары, деп жазады Azattyq Rýhy.

Бүгін Парламент Палаталарының бірлескен отырысынан кейін журналистер вице-премьер Қанат Бозымбаевқа су тасқынына қатысты да сұрақ қойды. Өйткені, су тасқынының дайындығы мен оның салдарымен күресу жұмыстарына Қанат Бозымбаев тікелей жауапты.

«Қазгидрометтің» болжамынша, бес өңірде су тасқыны қауіпі бар. Ол – Солтүстік Қазақстан, Ақмола облысы, Қарағанды облысы, Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысы. Мен төрт облысты аралап шықтым, сондықтан, өз басым ең үлкен қауіп – Ақмола облысы мен Шығыс Қазақстан облысында деп ойлаймын.  Отыздан астам елді мекенді су басады деген қауіп бар», - деді Бозымбаев жеке пікірін айта отырып.

Бұл облыстағы әкімдер су тасқынына 92 пайыз дайындалған көрінеді. Ал, жалпы Қазақстан бойынша су тасқынымен күресуге 40 мыңға жуық адам тартылмақ екен.

«Осы облыс әкімдіктерінің су тасқынына қарсы дайындықтары қызу жүріп жатыр. Қазірдің өзінде су тасқынына қарсы жұмыстардың 82 пайызы орындалды. 8 пайыздай дайындық қалды. Тиісті топтар мен мамандардың саны жалпы Қазақстан бойынша 39 мың адам мен 12 мың техника», - деді Бозымбаев.