Аймағамбетов қазақстандықтар үшін міндетті болатын үш күнгі қосымша демалыстың талаптарын түсіндірді
Бұл үш күнгі демалыс скринингке арналу керек
Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутат, «AMANAT» фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов жұмыс берушілерге міндеттелетін үш күнгі демалыстың шарттары мен оның мән-мағынасын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біз алдыңғы жылы өте маңызды шешім қабылдадық. Енді скринингтер, мысалы, онкологиялық тексерулер барлығына бірдей қолжетімді болады. Бұған дейін олар тек МӘМС-ке жарна төлеген азаматтар үшін ғана қолжетімді еді. Қазір МӘМС-те болмаса да, скринингтен өтуге мүмкіндік бар. Елімізде шамамен 3 млн-ға жуық адам МӘМС жүйесінде жоқ. Олардың әлеуметтік жағдайы салыстырмалы түрде төмендеу. Барлық азаматтарды қамту үшін скринингтерді бәріне бірдей тегін еттік», - дейді Аймағамбетов.
Бірақ, депутат атап өткендей, бұл норма бұрыннан бар болса да ол жұмыс істемеген.
«Бұл норма толық жұмыс істеуі үшін не істеу керек? Ең алдымен, азаматтардың скринингке қатысуын қамтамасыз етуіміз қажет. Қазіргі таңда онкологиялық скринингтен өтуі тиіс азаматтардың тек 50 пайызы ғана қатысады. Бұл нені білдіреді? Ауру кеш анықталса, оны емдеу де қиындайды. Сондықтан енді жұмыс берушілер азаматтарға скринингтен өту үшін міндетті түрде үш күнге дейін уақыт беруі тиіс. Бұл — төленетін еңбек демалысы. Осы уақыт ішінде азаматтар шынымен скринингтен өтуі қажет. Азаматтың скринингтен өткен-өтпегенін қалай біледі? Денсаулық сақтау министрлігі ақпараттық жүйе арқылы кадр бөліміне тиісті мәлімет жіберуі керек. Ал кадр бөлімі қызметкерге: «Сізге скринингтен өту қажет, мысалы, қант диабетіне тексерілуіңіз керек» деп хабарлауы тиіс. Бұл уақыт толықтай төленуі керек», - деп түсіндірді Аймағамбетов.
Сонымен қатар, депутат хабарлағандай, азаматтардың өзіне де, eGov порталы арқылы да ақпарат келіп тұруы қажет.
«Бұл шешімнің экономикамызға да пайдасы зор. Өйткені адамның ауыруы, біріншіден, экономикаға зиян келтіреді. Екіншіден, адами капиталға әсер етеді. Үшіншіден, бұл жұмыс берушінің өзіне де тиімді», - деді Аймағамбетов.