Бүгін, 10:13
Қоғам

«Бір қыздың көзі шығып, бір бала мәңгілік сапарға аттанған»: полиция буллинг жасаған екі оқушының тағдыры туралы драма түсірді (ВИДЕО)

Деректі драмаға түскен екі бала қазір түрмеде

Ішкі істер министрлігі балалар арасындағы буллингтің алдын алу үшін жасөспірім кезінде қатарластарын ұрып-соғуды «бедел» санаған екі баланың тағдыры туралы деректі драма түсірген, деп жазады Azattyq Rýhy.

Деректі фильмнің бірінші кейіпкері – Дарина есімді бойжеткен. Небары 14 жасында аяқасты басқа ортаға тап болған оның өмірі құрдымға кеткен.

«14 жасымда өзімнен үш жас үлкен Салтанат деген қызбен таныстым. Сырт көзге Салтанат өте күшті қыз болып көрінді. Маған темекі тартуды үйретті. Салтанатпен араласқаннан соң мен сабаққа баруды қоя бастадым. Оның орнына Салтанаттың үйіне барып, ішімдік іше бастадым. Салтанаттың қолында кішкентай баласы болатын. Ол бір жаққа кетерде баласын маған тастап кетеді, мен баласының күтушісі сияқты болдым десем болады. Ал, кешке баласын әжесіне тастап Салтанат екеуміз неше түрлі жерге қыдыратын едік. Сол жерлерде Салтанат маған төбелесуді үйретті. Оған «біртүрлі» қараған қыздардың бәрін ұрып-соға бастадық», - дейді Дарина.

Өзін өзгелерден әлдеқайда күшті етіп көрсету үшін Дарина мектептегі қыздарды да ұра бастаған. Оларды үнемі дәретханаға қамап алып, сабаған. Тіпті, бір қызды қатты ұрып жатқан видеосы әлеуметтік желіде әлі жүр.

«Мен мектептегі қыздар маған қыр көзбен қараса, «дәретханада сөйлемесіз» деп сабайтын болдым. Өзімді осылай күшті сезіндім. Бір күні тағы да Салтанаттың үйіне қонаққа бардым. Салтанат бір қызды айтып, оған қатты ашуланып отырды. Оны маған жамандағаны соншалық, мен ол қызды танымасам да жек көре бастадым. Салтанат ол қызбен сөйлесуге өзі бара алмайтынын айтты. Мені қайрап, ол қызды орнына қою керек деді. Ашуға бұлыққан мен әлгі қыздың үйіне жетіп барып, пәтерінің ішінде қанжоса етіп сабап кеттім. Салтанаттың мені қайрап жібергені сонша, ана қыз маған жамандық істемесе де ұра бердім. Есінен танғанша ұрдым. Сосын, қанжоса қалпында үйіне тастап кеттім. Оны кешке ата-анасы тауып алды. Ал мені полиция осы колонияға алып кетті», - дейді Дарина.

Полицияның мәліметінше, Даринадан зәбір көрген қыздың бір көзі өмірбақи көрмей қалған. Дарина «денсаулыққа қасақана ауыр зиян тигізгені» үшін сотталып кеткен.

Деректі фильмдегі екінші кейіпкер – Достан есімді бала. Небары 17 жастағы ол мектептегі қатарласын өлтіріп алғаны үшін 10 жылға сотталған.

«Біз мектептегі ұлдарды сабағаннан өзімізді күшті сезіндік. Өзімізді мектептің қожайыны сияқты сезіндік. Сабақтың орнына көше аралап, ұлдардан ақша бопсаладық. Ақша әкелмегендерді сабадық, Ата-анам маған неше рет айтса да мен көшенің өмірін ата-анамнан биік қойдым. Мектепке жаңадан келген оқушыларды сабап, ақша жинайтынбыз. Бізден қорқатын оқушыларды шақырып алып, сабайтынбыз» – дейді Достан.

Сондай күндердің бірінде Достан Арман есімді қатарласын өлімші етіп сабаған.

«Басында жай есінен танып қалған шығар деп жанына бардым. Ол қозғалмады. Шошығанымнан қашып кеттім. Оны абайсызда өлтіріп алыппын. Қашып бара жатқан жерімнен полиция ұстады. қазір жасым 17-де. Бір жылдан кейін мені үлкендердің колониясына апарады», - дейді Достан өкіне отырып.

Ал, ішкі істер министрлігі 2026 жылдың ақпан айының қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 24,3% азайғанын айтып отыр.