«Жалаңаяқ қарға тұрғызып, велосипедімді сындырып кетті»: Жетісуда зейнеткер туған ұлдарынан адам сенгісіз қорлық көрген (ВИДЕО)
Амалы таусылған қария блогерлерден көмек сұраған
Жетісу облысы Ақсу ауданының тұрғыны, 62 жастағы Бақытбек Қадысұлы әлеуметтік желі арқылы халық пен құзырлы органдардан көмек сұрап, осы уақытқа дейін екі ұлы қорлық көрсеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Оның айтуынша, балаларының қорлығы бір емес, бірнеше жылдан бері тоқтамай келеді. Зейнеткер кейде қатты таяқ жегенде полиция шақырып, арызданады екен. Жергілікті полиция екі ұлын кейде 10 күнге, кейде 2 аптаға қамайтын көрінеді. Бірақ, босап шыққаннан кейін ұлдары одан сайын ұрады екен.
«Мен Ақсу ауданының тұрғынымын. Бекзат және Бекболат деген екі ұлымнан зәбір көрім келемін. Оларды сотқа беремін, ұстап әкетеді, он күн жатады, қайта шығып, қайта тиседі. Шеберханамды 6-7 рет тас-талқан етіп кетті. Мүмкін өз тарапымнан қателік кеткен шығар деп, кешірім де сұрадым. Бірақ, екі ұлымның маған көрсетпегені жоқ. Бір рет әйелімді құлатып, жамбасын сындырды. Оны да кешіріп, әйелімді өзім күтіп-бақтым. Ұлдарым үнемі ақша талап етеді. Қарыз сұрайды. Бірақ, қарызын аз өтеген жоқпын. Ақша сұрағанда бермесем, маған адам сенгісіз қорлық көрсетеді. Өтірік айтып отырған жоқпын. Алдыңғы жылы екеуі машинаға басып алып, далаға апарып тастады. Жұқа киіммен далаға тастап кетті. Үйге әрең жетіп, бір ай жөтелдім», - дейді зейнеткер.
Оның айтуынша, бұл екі ұлының біреуі үшінші баласымен де төбелесіп, пышақтаған екен. Сол кездегі арызы негізінде 25 күнге қамалыпты. Шыққаннан кейін тағы келген.
«Сол күні таңертең жұмысқа шыққалы жатқанда үйге келіп велосипедімді сындырып, телефонымды сындырып, кілтімді алып кетті. Полиция келді, арыз жаздым. Бірақ кешірім сұрады, «велосипедімді жөндеп берсе, кешіремін» дедім. Маған 20 мың теңге берді, мен кешіріп, жұмысқа кеттім. Бірақ, сол күні кешке жұмыс орныма келіп, ондағы тігін машиналарымның бәрін алып кетіпті. Бұған дейін шеберханамды 6-7 рет сындырған соң, құлып алып салғамын. Сонда маған қастық істеп, сол құлыптың тесігіне суперклей құйып кетіпті. Үш рет солай істеп кетті. Сол кезде де полицияға арыз жазған едім. Полиция өзімді кінәлап, «сіз арыз жазасыз, сосын қайтып аласыз, біз ештеме істей алмаймыз» деді. Сонда да жалынып, «өлтіретін болды» деп жаздым», - дейді зейнеткер.
Бұл қорлықтары аздай, бір жолы екі ұлы қыс ішінде аяқ киімін шешіп алып, екі сағат далаға тұрғызып қойған екен. Ол жолы да полиция келіп, қарияны киіндірген. Сол кездегі суықтың зардабынан зейнеткердің бүйрегі ауыра бастаған.
«Тағы бір жолы екеуі есік алдында мені қылқындырып, жерге жығып, телефонымды тартып алады. Шапанымды алып алды, телефонымды және құжаттарымды алып алды. Полиция соңғы рет 25 күнге қамады. Кеше түнде тағы шабуылдап, он күнге қамалды. Бірақ кетерде маған «шыққан соң көретініңді көрсетемін» деді. Мен кімнен көмек сұраймын енді?», - дейді зейнеткер.
Біз осы кісінің мәлімдемесінен кейін Жетісу облысының полиция департаментіне хабарласып, комментарий сұраған едік. Полиция департаменті расымен де қарияның арыз жазғанын және сол арыз негізінде 31 және 34 жастағы ер адамның қамалғанын растады.
«Биыл 12 ақпан күні Ақсу ауданында тұратын 62 жастағы азаматтың арызы негізінде қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында анықталғандай, оны 31 және 34 жастағы екі ұлы ұрып-соққаны анықталды. Сот оларды кінәлі деп тауып, қамаған. Сот сондай-ақ екі ұлына 3 ай бойы бақылауда жүру туралы үкім кесті. Қазір ұлдары қамауда. Босап шыққан соң полиция олардың іс-әрекетін үнемі бақылап отырады», - деп хабарлайды Жетісу облысының полиция департаменті.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың қыркүйегінде Түркістан облысы Жетысай қаласында елді дүр сілкіндірген видео тарады: онда 41 жастағы Алмас Садақбаев өзінің мүгедек әкесін ұрып-соғып жатқан еді. Полиция қылмыстық іс қозғап, видео 2024 жылы тамызда Шардара ауданының Қоссейіт ауылында болған. Видео қарт адам қайтыс болғаннан кейін әлеуметтік желіде кеңінен таралып, үлкен резонанс тудырды.
Жуырда әкесін ұрып өлтірген ер адам бес жылға сотталған еді.