Жетісайдағы атышулы оқиға: әкесін ұрып өлтірген ер адам небәрі 6 жылға сотталуы мүмкін
Оның әйеліне қатысты бөлек іс қаралып жатыр
Түркістан облысының Жетысай қаласында елді дүр сілкіндірген қылмыстық іс қаралып жатыр. 41 жастағы Алмас Садақбаев өз әкесін ұрып-соғу және азаптау ісі бойынша күдікке ілінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Otyrar басылымына сілтеме жасап.
Прокурор соттан Садақбаевты 6 жыл 2 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы қыркүйекте әлеуметтік желіде ер адамның қарт әкесін ұрып-соғып жатқаны көрсетілген видео тараған еді. Бұл оқиға өткен жылғы тамызда Шардара ауданының Қоссейіт ауылында болған. Видео қарт адам қайтыс болғаннан кейін әлеуметтік желіде кеңінен таралып, үлкен резонанс тудырды.
Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қарияның қайтыс болуына байланысты ұлына Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі («Өлімге әкелетін ауыр зиян келтіру») бойынша іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Трагедиядан кейін эксгумация жүргізіліп, сараптама нәтижесінде зорлық-зомбылық әрекеттер фактісі расталды.
Алмас Садақбаев өз кінәсін толық мойындады. Бауырларымен бірге қоғамнан кешірім сұрады.
Айта кету керек, оның әйеліне қатысты бөлек тергеу жүргізілуде. Іс Қылмыстық кодекстің 109-1 бабының 2-бөлігінің 3-тармағы, яғни «Қылмыскерге дәрменсіз жағдайда екені немесе қылмыскерге қаржылық немесе басқа да тәуелді екені белгілі адамға қатысты зорлық-зомбылық көрсету» бойынша қозғалды.