$ 479.02  551.11  5.82
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 15:04
Қоғам

«Жазалау түрі ғана өзгерді»: депутат түрмеден босатылған Бақытгүл Хаменоваға қатысты пікір білдірді

Бұл соттың шешімі дейді депутат

«Жазалау түрі ғана өзгерді»: депутат түрмеден босатылған Бақытгүл Хаменоваға қатысты пікір білдірді
Фото: Atpress.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың түрме жазасынан босатылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Хаменова жазадан босатылған жоқ, жазалау түрі ғана өзгерді. Өздеріңізге белгілі, оның кішкентай балалары бар. Сондықтан бұл, менің ойымша, соттың жеке ісі, өйткені заң бойынша сот өз ішкі бағалауы мен Қазақстан заңдарына сүйене отырып шешім қабылдайды. Бұл соттың шешімі», – деді Саиров Мәжіліс кулуарында.

Естеріңізге салайық, күні кеше Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Бақытгүл Хаменованың түрме жазасы бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылғаны хабарланды.

2022 жылғы қараша айында Хаменова пара алғаны үшін кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда сол кезде жазаны өтеу мерзімі оның кішкентай баласы болғанына байланысты үш жылға кейінге қалдырылған еді. Сол мерзім биыл 10 наурызда аяқталған.

Осыған байланысты Атырау қалалық соты пробация қызметінің ұсынысын қанағаттандырып, өтелмеген жазаны пробациялық бақылаумен алмастырды.