$ 493.85  571.78  6.25
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 12:24
Қоғам

Қазақстанда баспана арзандамайды – Отбасы банк басшысы

Демографиялық өсім сұранысты арттырып отыр, дейді Ибрагимова

Қазақстанда баспана арзандамайды – Отбасы банк басшысы
Фото: Отбасы банктің баспасөз қызметі

Қазақстанда 2000 жылдардың басында туған жастардың тұрғын үй нарығына шығуы пәтерге деген сұранысты күшейтіп жатыр. Демографиялық өсім мен жыл сайын тіркелетін жаңа отбасылар санына байланысты алдағы жылдары тұрғын үй бағасының төмендеуі екіталай. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, биылдың өзінде 2000 жылдардың басында туған жас буын тұрғын үй нарығына белсенді шыға бастайды.

«2000 жылы елімізде 222 мың бала дүниеге келсе, 2007 жылы олардың саны 321 900-ге жетті. Мен демографиямен және осы мәселемен айналысатындықтан, бұл сандарды жатқа білемін. Яғни осы 7 жыл ішінде жыл сайын шамамен 15-20 мыңға өсім болған. Қазір сол жастар тұрғын үй нарығына шығып жатыр. 2000 жылы туғандардың жасы қазір 26-27-де, олар тұрғын үй нарығында өте жоғары сұраныс қалыптастырып отыр. Өткен жылы біз 20,5 млн шаршы метр тұрғын үй салдық – бұл 150 мыңнан астам пәтер. Соған қарамастан, сатылым әлі де жалғасып жатыр», – деді Ләззат Ибрагимова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ол бірнеше жыл бойы, шамамен 2009 жылға дейін, елде айтарлықтай өсім байқалғанын, бұл тіркелген некелер статистикасынан да көрінетінін айтты.

«Қазақстанда жыл сайын шамамен 120 мыңнан 130 мыңға дейін неке тіркеледі. Былтыр бұл көрсеткіш ең төмен деңгейде болды – 114 мың некені құрады. Ал жаңа отбасы құрған кезде ең алдымен баспана мәселесі туындайды. Сондықтан 2000-2009 жылдар аралығында байқалған демографиялық өсім, яғни беби-бум, тұрғын үйге деген сұранысқа айтарлықтай әсер етеді. Бұл үрдіс 2026-2027 жылдары да сезіледі», – дейді ол.

Сондықтан, оның айтуынша, алдағы уақытта баспана арзандайды деп күтудің қажеті жоқ.

«Тұрғын үй бағасы төмендемейді. Мен мұны нақты айта аламын. Әрине, түрлі факторлар болады. Екінші нарықта, бәлкім, стагнация болатын шығар. Ал бастапқы нарықта көп нәрсе құрылыс материалдарының бағасы мен жалақы деңгейіне байланысты. Бірақ қазіргі демографиялық көрсеткіштерге қарасақ, бағаның төмендеуі екіталай», – деді Ибрагимова.