Депутат волонтерлікті мектептегі оқудың құрамдас бөлігі ретінде қарастыру ұсынды
Ол премьер-министрдің орынбасарына депутаттық сауал жолдады
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов премьер-министрдің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына депутаттық сауал жолдай отырып, волонтерлікті мектептегі оқудың құрамдас бөлігі ретінде қарастыру ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы сессиясына қатысушыларға арнаған үндеуінде еріктілер институтының рөлін нығайту және олардың ұлттық әрі жаһандық прогреске қосатын үлесін арттыру қажеттігін атап өтті. Жаңа Конституция жобасының 31-бабы 2-тармағында волонтерлік қызмет туралы айтылған. Яғни алғаш рет Ата Заң деңгейінде еріктілер қызметін мемлекеттік қолдау және ынталандыру нормалары қарастырылған. «AMANAT» партиясының фракциясы бұл ұстанымды толық қолдай отырып, волонтерлік пен қоғамдық практиканы жастарды кәсіби тұрғыда қалыптастырудың нақты әрі пәрменді тетігіне айналдыру қажет деп санайды. Себебі еріктілік тек қоғамдық қызмет ретінде емес, еңбек нарығына дайындықтың маңызды құралы бола алады», - деді Жайымбетов.
Оның айтуынша, бүгінде елімізде еңбек нарығына қатысты өзекті мәселе бар. Жоғары және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектерінің едәуір бөлігі әсіресе мемлекеттен грант арқылы алған мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүр. Нәтижесінде экономика мен бюджет үшін тікелей шығын.
«Ресми деректер мәселенің ауқымын айқын көрсетеді. 2024 - 2025 оқу жылының басында жоғары оқу орындарында 624,5 мың студент білім алса, бір жыл ішінде 147,4 мың түлек оқуын аяқтаған. Мысалы, жоғары оқу орындарын санамағанда, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өзінде 169,3 мың адам тәмамдағанымен, олардың тек 60,4 пайызы ғана жұмысқа орналасқан. Ал, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, жоғары оқу орнын бітірген түлектердің 30 пайыздан астамы алған мамандығы бойынша еңбек етпейді. Мәліметке сүйенсек мәселе бар екенін аңғартады. Сандардың артында мыңдаған жас тағдыры, ата-ананың үміті және мемлекеттің стратегиялық сенімі тұр», - дейді депутат.
Оның айтуынша, мәселенің түпкі себептері жылдар бойы өзгеріссіз қайталанып келеді. Қоғамда мамандық таңдау қоршаған ортаның ықпалымен және ҰБТ нәтижесіне қарай, «қайда түстім» қағидасымен жасалып, «кім болғым келеді және неге қабілеттімін» деген сұрақ екінші кезекке қалып отыр. Соның салдарынан жастар нақты инженерлік, техникалық және өндірістік мамандықтарға емес, қысқа жолмен табыс табуға бейімделуде.
«Халықаралық тәжірибе бұл бағытта тиімді модельдердің бар екенін дәлелдеп отыр. Мысалы, АҚШ-та мектеп бітіру үшін оқушылар кемінде 75 сағаттық қоғамдық қызмет тәжірибесінен өтуге міндетті. Ұлыбританияда жоғары оқу орындарына түсу кезінде талапкердің еріктілік пен практикалық қызметі оның саналы таңдауы мен азаматтық кемелділігінің негізгі көрсеткіші ретінде бағаланады. Ал Францияда ұлттық бағдарламасында жастарды 6 - 12 ай бойы азаматтық қызметке тартып, оларды еңбек дағдылары мен қоғамдық жауапкершілікке жүйелі түрде тәрбиелейді. Дамыған елдерде еріктілік - формалды есеп үшін емес, еңбек нарығына дайындықтың және азаматтық ұстанымды қалыптастырудың нақты институты. Сондықтан, еліміз үшін де халықаралық үлгілерді кезең-кезеңімен және формализмсіз енгізу ұсынылады», - дейді ол.
Осыған байланысты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі мынандай ұсыныс енгізді:
- Біріншіден, 7 - 11 сыныптарда міндетті волонтерлікті ерте кәсіби бағдарламаға енгізу. Практик-мамандармен тұрақты кездесулер, ұйымдар мен кәсіпорындарға бару, кәсіптік күндер мен салалық апталықтар, бақылау форматындағы шағын тағылымдамалар, жеке мансаптық кеңес беру.
- Екіншіден, еріктілік немесе қоғамдық практиканы мектептегі оқудың құрамдас бөлігі ретінде қарастыру.
- Үшіншіден, волонтерлік бойынша аккредиттелген жобалар мен қабылдаушы ұйымдардың нақтыланған бірыңғай тізімін құру.
- Төртіншіден, волонтерлікті оқуға қабылдау кезінде ынталандырушы тетік ретінде енгізу.