Енді қазақстандықтар тұрғын үй депозитін басқа банктерден де аша алады: ипотека арзандай ма
Коммерциялық банктер тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесіне қосылуға мүмкіндік алды
Қазір Қазақстанда тұрғын үй құрылыс жинақ шотын тек Отбасы банктен ғана ашуға мүмкіндік бар. Алайда 19 наурыздан бастап бұл шектеу жойылып, нарыққа екінші деңгейлі банктер де кірмек. Заңнамалық өзгерістерге сәйкес, енді олар да азаматтардың тұрғын үй депозиттерін тартып, сол негізде ипотекалық бағдарламаларын ұсына алады. Бұл қадам банктер арасындағы бәсекеге, ипотека нарығындағы пайыздар мен баспана қолжетімділігіне қалай әсер етеді? Толығырақ Azattyq Rýhy материалында.
Банктер өзі шешеді
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің редакция сауалына берген жауабына сәйкес, 2026 жылғы 19 наурыздан бастап коммерциялық банктерге тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі аясында жұмыс істеуге заң жүзінде мүмкіндік беріледі. Алайда бұл дәл осы күннен бастап қазақстандықтар кез келген банкке барып, бірден тұрғын үй депозитін аша алады деген сөз емес. Өйткені екінші деңгейлі банктер ТҚЖ жүйесіне қосылу-қосылмау мәселесін өздері шешеді. Сол сияқты жаңа ипотекалық бағдарламаларды іске қосу да әр банктің стратегиясына, нарықтағы жоспарына және қаржылық саясатына байланысты болмақ.
Коммерциялық банктердің ипотекалық бағдарламаларына бірыңғай талап қойылмайды. Әр банк тұрғын үй жинағының мерзімін, сыйақы мөлшерлемесін, бастапқы жарна мен өзге де талаптарды өздері айқындайды. Яғни банктер депозит пен ипотекалық өнімнің шарттарын әртүрлі етіп қоя алады, бірақ клиенттерге бәрі ашық, түсінікті және «алдымен жинақтап, кейін қарыз алдым» қағидасына сай болуы керек.
Бірақ жаңа өнімдердің нақты қашан іске қосылатыны банктердің дайындығына (ішкі рәсімдер, өнім желісі, АТ-жүйелері) байланысты. Сондықтан заң күшіне енгенімен, барлық банк бір мезетте жаңа ипотекалық бағдарлама ұсынып, үйге несие береді деу әзірге ерте.
Мемлекеттік сыйақыны Отбасы банк қана төлейді
Қазір Отбасы банктің салымшыларына тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша мемлекеттік сыйақы төленеді. Бұл сыйақы азаматтардың жинаған қаражатын арттырып, болашақта үй сатып алуға қосымша көмек береді.
Өкінішке қарай, екінші деңгейлі банктерде тұрғын үй депозитін ашып, ақша жинасаңыз, мемлекет жыл соңында сізге ешқандай сыйақы бермейді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осыны ресми түрде растап отыр.
«Кейбір заңнамалық актілерге қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның 1-бабы 14-тармағы 3) тармақшасына сәйкес ТҚЖ туралы заңның 10-бабының ережелері банк заңнамасына сәйкес алынған банктік лицензия негізінде ТҚЖ туралы заңның 5-бабы 1-тармағы 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген қызметті жүзеге асыратын тұрғын үй құрылысы жинақ банкі мәртебесі жоқ екінші деңгейлі банктерге қолданылмайды. Осылайша, ТҚЖ өнімдері екінші деңгейлі банктерде мемлекет сыйлықақылары төленбей жүзеге асырылады», - делінген жауапта.
Яғни, мемлекеттік сыйақы Отбасы банкте ғана сақталады. Ал басқа банктерден депозит ашсаңыз, өз қаражатыңыз ғана өседі, мемлекеттен қосымша бонус болмайды.
Коммерциялық банктердегі тұрғын үй депозиттері қорғала ма
Қазақстанда барлық екінші деңгейлі банк пен кейбір шетелдік банктердің филиалдары салымшылардың қаражатын қорғау үшін міндетті депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысады. Бұл дегеніміз, егер банк қиындыққа тап болса, жеке тұлғалардың қаражаты белгілі бір шекте мемлекетпен қорғалады. Осы жүйені арнайы коммерциялық емес ұйым басқарады, оның жалғыз иесі – Қазақстан Ұлттық банкі.
«Осылайша екінші деңгейлі банктерде орналастырылған жеке тұлғалардың тұрғын үй құрылыс жинақтары Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен және шектерде міндетті депозиттерге кепілдік беру жүйесімен қорғалады», - деп жауап берді агенттік.
Отбасы банктің монополиясы жойылып, пайыз төмендей ме
Azattyq Rýhy тілшісіне пікір білдірген сарапшы Айбар Олжайдың айтуынша, екінші деңгейлі банктердің тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесіне қосылуы Отбасы банкке нақты бәсекелестік тудырмайды, тиісінше ипотека пайызының төмендеуіне де әсер етпейді.
«Мемлекеттік премия Отбасы банктің салымшыларына ғана беріледі, басқа коммерциялық банктерде мұндай мүмкіндік жоқ. Сондықтан Отбасы банкке айтарлықтай бәсеке болады деп айту қиын. Өйткені басқа банктерде дәл осындай бонустық тетіктер қарастырылмаған. Олар көбіне несиені жылдам рәсімдеуге, онлайн кредит беруге немесе аралық қарыз беруге көбірек көңіл бөлетін сияқты», - дейді ол.
Оның пікірінше, коммерциялық банктер үшін «елу де елу» қағидатына негізделген аралық заем қызық болуы мүмкін. Алайда бұл да қазіргі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің элементі.
«Жалпы, банктер тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің кейбір тетіктерін маркетингтік құрал ретінде қолдануы мүмкін. Мысалы, пайыздық ставка номиналды түрде төмен көрінгенімен, Отбасы банк сияқты толық сомаға қолданғанда, нақты есепте жоғары пайызға теңеседі. Яғни, мысалы, номиналды пайыз 12% болса да, іс жүзінде ол 24%-ға тең болады. Әрине, мұндай бағдарламалардың өз клиенттері табылады. Дегенмен, Отбасы банктің барлық салымшысы біржола басқа банктерге ауысады деу қиын. Керісінше, кейбір клиенттер Отбасы банкте жинақ жүргізіп, сонымен бірге басқа банктердің ипотекалық өнімдерін де пайдалана алады», – деп санайды сарапшы.
Айбар Олжай 19 наурыздан бастап күшіне енетін заңнамалық өзгерістер ипотекалық пайыздардың төмендеуіне әсер етпейді деп есептейді.
«Жоқ, пайыз төмендемейді. Банктер оны төмендетуді жоспарлап отырған жоқ. Бірақ, мысалы, бір адам Отбасы банктен бір ипотека, басқа банктен бір ипотека ала алады», – деп түйіндеді ол.