«Отбасы банк» 2 наурыздан бастап баспана кезегінде тұрған қазақстандықтарға үй беру тәртібін өзгертеді
Енді үй алу үшін ел азаматтары міндетті түрде инвентаризациядан өтуі керек
2026 жылдың 2 наурызынан бастап «Отбасы банк» баспана кезегінде тұрған қазақстандықтарға үй беру тәртібін өзгертеді. Банк енді тұрғын үйді тек түгендеуден өткеннен кейін ғана үлестіреді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осылайша, банктің мәліметіне сүйенсек, 2 наурыздан бастап инвентаризация тұрғын үй бөлу алдындағы алғашқы әрі міндетті қадамға айналады.
«Отбасы банк» («Байтерек» холдингінің еншілес ұйымы) ұлттық даму институты мәртебесінде кезекте тұрған азаматтар арасында тұрғын үйді белсенді түрде үлестіреді. Осы мақсатта облыс әкімдіктері банкке барлығы 13 393 пәтер тапсырған, оның 8 846-сы жалдамалы тұрғын үйге, ал 4 547-сі несиелік тұрғын үйге арналған. Банк тұрғын үйді үлестіргеннен бері 4 216 отбасы қоныс тойын тойлаған», - деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, банк жазғандай, пәтерлерді бөлу кезінде кезекке қойылған күн мен санаттардың басымдығы ескеріледі. Бұл мәліметтерді Отбасы банк мемлекеттік деректер қорларынан алады.