$ 497.33  586.7  6.48
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 11:20
Қоғам

Қосымша су көзі: Қазақстанда 700-ден аса жаңа бұлақ табылды

Гидрогеология қызметі елдегі барлық бұлақты түгендеп жатыр

Қосымша су көзі: Қазақстанда 700-ден аса жаңа бұлақ табылды
Фото: freepik.com

Қазақстан аумағында 711 әлеуетті бұлақ анықталған. Су ресурстары және ирригация министрлігінің ақпаратынша, су тапшылығы күшейіп жатқан кезде олар қосымша су көзі болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеология қызметі ел аумағындағы барлық бұлақты түгендеп жатыр. Алдын ала деректерге сәйкес, бүгінгі таңда 711 әлеуетті бұлақ анықталды. Бұдан бөлек, қор және архив материалдары негізінде елдегі 2 772 бұлақты қамтитын карта жасалған.

«Қазақстанда жерасты суына арналған мемлекеттік мониторинг желісі жұмыс істейді, оған шамамен 4 мыңға жуық бақылау ұңғымасы кіреді. Олар су деңгейін, температурасын және сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Гидрогеология саласын цифрландыру мақсатында мониторингтік және пайдалану ұңғымаларын Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесіне енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеология қызметінің басқарма төрағасы Болат Бекнияз.

Министрліктің ақпаратынша, қазір Қазақстанда 4 803 жерасты су кен орны барланған. Мемлекеттік баланстағы жалпы пайдалану қоры – тәулігіне 43,2 млн текше метр, бірақ соның 1,5 млн текше метрі ғана пайдаланылады, бұл бар болғаны – 3,6%.  Яғни елде жерасты суының қоры жеткілікті, бірақ толық игерілмей отыр.

Айта кетері, бұлақтар су ресурстары тапшылығы жағдайында қосымша су көзі ретінде қарастырылады, деп атап өтті ведомство.