«Қойма мен монша ішінде жұмыс істеген»: Сүлейменова жекеменшік мектептерге қатысты даудың нүктесін қойды (ВИДЕО)
Оның айтуынша, тексеру меншік нысанына қарамайды
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі парақшасында жекеменшік мектептерге қатысты алып-қашпа әңгімеге нүкте қойғысы келетінін айтып, бірнеше маңызды мәселелерді мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Естеріңізге сала кетейік, біз үкіметтегі жиындағы мәліметке сүйене отырып, Қазақстандағы жекеменшік мектептер осы уақытқа дейін бюджеттен қалай ақша алып, оны мақсатсыз жұмыс істеп отырғанын жазған болатынбыз.
Бұдан өзге әлеуметтік желіде жекеменшік мектеп өкілдері мен әртүрлі пікір иелері осындай өзгеріске қатысты ойларын айтқан. Сүлейменова желідегі әртүрлі пікірлерге нүкті қойғысы келіп, видео жазған.
«Әлеуметтік желілерде жекеменшік мектептер туралы бірнеше сұрақтар туындап отыр. Осыған байланысты өзімнің ұстанымымды білдіргім келеді. Баршаңызға белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң және тәртіп» қағидатын айқындады. Оқу-ағарту министрлігі, меншік нысанына қарамастан (жекеменшік пе, мемлекеттік пе) заң талаптарын орындайтын, сапалы әрі адал жұмыс істейтін мектептердің легін анықтауды көздеп отыр», - дейді Сүлейменова.
Осыған байланысты, министрдің айтуынша, 2023 жылы жекеменшік мектептер цифрландырудан өтті. Қазір тек жекеменшік емес, мемлекеттік мектептер де цифрландырудан өтіп жатыр. Сол цифрландыру барысында министрлік жекеменшік мектептер арасынан бірнеше заң бұзу фактілерін тауыпты.
- Тіркелген балалары бар, бірақ сабақ өтпеген;
- Оқу стандарты толық орындалмаған;
- Әскери дайындық, дене шынықтыру секілді пәндер өтпеген;
- Ғимараттың мақсаты сай келмейтін, яғни, қоймада, моншада мектеп ашып, қызметін заңдастырмаған.
- Мұғалімдерінің біліктілік талаптары сәйкес келмейтін мектептерге мемлекеттік тапсырыс орналастырылмайды.
«Ал ғимараты мектеп стандартына толық сай, ұстаздары біліктілік талаптарға сәйкес келетін, барлық пәндер – соның ішінде әскери дайындық пен дене шынықтыру пәндері толық оқытылатын сапалы мектептер жұмыс істей береді. Бұл – негізгі талап және басты ұстаным», - дейді Сүлейменова.
Бұдан бөлек, министр осы өзгерістер аясында делдал болуға ұмтылып жатқан азаматтарға да үндеу жасады.
«Оқу-ағарту министрлігі жекеменшік мектептер мәселесінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен, Орта білім комитетімен және жергілікті білім басқармаларымен бірлесе жұмыс істейді. Барлық ресми ақпарат пен түсіндіру жұмыстары дәл осы үш ресми мекеме — Атамекен кәсіпкерлер палатасы, Орта білім комитеті және жергілікті білім басқармалары арқылы өтеді», - дейді Сүлейменова.