Жаңа Конституция: білім мен инновация – Қазақстанның стратегиялық басымдығы
«TALQYLAU» диалог алаңында Ата Заң жобасындағы адами капиталды дамыту мәселелері талқыланды
Қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Ерлан Ерікұлының айтуынша, Қазақстанда жаңа Конституция жобасын талқылау қоғамның барлық саласын қамтып отыр. Осы пікір алмасу аясында 6 ақпанда «AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институты ұйымдастырған «TALQYLAU» диалог алаңында білім, ғылым және инновацияны ел дамуының стратегиялық басымдығы ретінде бекіту мәселелері көтерілді.
Ерлан Ерікұлының айтуынша, аталған алаң 2022 жылдан бері ел үшін өзекті мәселелер ашық форматта талқыланатын маңызды пікірталас алаңына айналған.
Бұл жолғы отырыс «Қазақстан – білім мен инновациялар мекені» тақырыбына арналды. Себебі жаңа Конституция жобасында білім мен ғылым, мәдениет пен инновация ел дамуының негізгі бағыттары ретінде айқындалған.
Диалог алаңына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректоры Индира Рыстина, Конституциялық кеңестің мүшесі, саясаттанушы Марат Шибұтов, сондай-ақ сарапшылар мен ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.
«Сөз сөйлеушілер Конституция жобасында адами капитал, білім, ғылым және инновация Қазақстанның негізгі басымдықтары ретінде бекітілгенін тілге тиек етіп, жаңа Ата Заң жобасын болашаққа бағытталған қадам ретінде сипаттады.
«TALQYLAU» барысында сарапшылар тарапынан білім, ғылым, инновациялар және адами капиталды дамытуға қатысты түрлі ұсыныстар айтылды. Конституциялық комиссия мүшелері осы пікірлердің міндетті түрде ескерілетінін атап өтіп», - деді ол.
Ерлан Ерікұлының пікірінше, конституциялық реформа аясында ұйымдастырылып жатқан «TALQYLAU» диалог алаңы және өзге де қоғамдық талқылаулар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Сарапшылар мұндай диалог алаңдары қоғам мен билік арасындағы өзара байланысты нығайтып, азаматтардың пікірін ескере отырып шешім қабылдауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Осыған байланысты мұндай кездесулер алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, елдің тұрақты дамуына үлес қосады деп күтілуде.