«AMANAT» жанындағы «Miras» кеңесінде конституциялық реформаның рухани негіздері талқыланды
Кеңесте руханият саласындағы негізгі басымдықтар жайлы айтылды
Астанада «AMANAT» партиясы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық кеңесінің биылғы алғашқы отырысы өтті. Жиында Ұлттық құрылтайда айқындалған рухани-мәдени басымдықтар, тарихи мұраны сақтау, білім мен ғылымды дамыту және ұлттық бірегейлікті нығайту мәселелері конституциялық реформа аясында талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, «Miras» республикалық кеңесінің төрағасы Аманжол Әлтай білім мен ғылым, мәдениет пен инновация жаңа Конституция жобасының басты идеясы ретінде айқындалғанын атап өтті.

«Бүгінде біз еліміздің болашағы үшін айрықша маңызға ие Ата заңымыздың жаңа жобасын күллі ел болып пысықтап жатырмыз. Конституцияның жаңа мәтінінде егемендігіміздің еңсесін тіктеп, тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктететін көптеген артықшылықтар бар. Miras кеңесі қандай мәселені қарайды? Әрине, бірінші кезекте мәдениет пен өнердің, мәдениет пен өнердің дамуын қадағалайды. Ал Ата заңымыздың жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталды. 3-баптың бірінші тармағында Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары қатарында «тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдау» деп анық жазылған. Демек, бұл өзгерістер мемлекетіміздің болашағы ендігі таңда адами капиталға және азаматтардың жетістіктеріне тікелей байланысты екенін көрсетеді», - деді Аманжол Әлтай.
Сондай-ақ, ол жаңа преамбулада басты құндылықтың бірі ретінде «Ұлы даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын нығайту» тайға таңба басқандай айқын жазылғанына ерекше назар аударды.
«Заң мен Тәртіп, Адал азамат, Таза Қазақстан сияқты құндылықтар да преамбуланың өзегіне айналды. Осылайша ел ертеңі, ұлт болашағы жолындағы мызғымас моральдық құқықтық өзгеріс қалануда», - дейді депутат.
Ал Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, «Miras» республикалық кеңесі төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан азаматтарды конституциялық реформалардың сәтті аяқталуына жауапкершілікпен, шынайы ниетпен атсалысуға үндеп, Ұлттық құрылтайдың соңғы отырысында көтерілген басымдықтарға тоқталды.
«Құрылтай алаңында «жаңа Қазақстанды құру» идеясы ең алдымен ұлттық бірегейлікті нығайтудан бастау алады. Осы бағытта тарихи әділеттілікті қалпына келтіру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды және бұл үрдіс жалғасын табады. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия 300 мыңнан астам істі зерделеп, үлкен еңбек атқарды. Архивтер ашылып, бұрын жабық болған деректер ғылыми айналымға енуде. Ономастика саласында да жүйесіздікке жол бермей, жер-су атауларын тарихи негізге сай реттеу жұмыстары өңірлерде жүйелі түрде жүргізіліп келеді», - деді ол.
Сондай-ақ депутаттың айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызметтегі құжат айналымының басым бөлігі қазақ тілінде жүргізіледі. Алайда мазмұн сапасы, терминологияның бірізділігі, цифрлық кеңістіктегі тіл мәдениеті әлі де өзекті мәселе болып отыр.
«Құрылтайда мемлекеттік тілдің ғылым, бизнес және IT салаларындағы қолданысын кеңейту қажеттігі ерекше аталып өтті. Егер де қазақ тілі тек тұрмыстық деңгейде қалып қойса, ол бәсекеге қабілетті тілге айнала алмайтыны айқын. Ол үшін ұлттық терминологиялық қорды жүйелеу, жасанды интеллект пен цифрлық платформаларға қазақ тілін толық енгізу, отандық контентті қолдау – рухани қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі. Сонда мемлекеттік тілдің әлеуеті жыл өткен сайын күшейе түсеріне ешқандай күмән жоқ», - деп санайды мәжілісмен.
Бұдан бөлек, Жанарбек Әшімжан «Miras» кеңесі жанынан жас қаламгерлерді, жас ғалымдарды, креативті индустрия өкілдерін қолдаудың нақты бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Оның пікірінше, руханият тек академиялық ортада емес, креативті индустрияда да қалыптасады.
«Егер біз ұлттық сананы жаңғыртуды шынайы іске айналдырсақ, экономикалық реформалар да, саяси жаңғыру да өз нәтижесін береді», - деп түйіндеді ол.
Ал Астана қаласы балалар мен жасөспірімдерге арналған музыкалық театрдың директоры Асхат Маемиров елімізде театр туралы бөлек заң қабылдау туралы ұсынысын ортаға салды.

«Бізде мәдениеттанушылармен сөйлескенде, көпшілігі «мәдениет туралы заң бар ғой, соның өзі жеткілікті» деп ойлайды. Алайда мәдениет туралы заң – жалпы сипаттағы құжат. Ал театр — синтездік өнер, оның ішінде авторлық құқыққа, еңбек қатынастарына қатысты көптеген ерекше қырлар бар. Театрда сахнада көрінетін әртістерден бөлек, композиторлар, сценографтар, жарық түсірушілер, дыбыс режиссерлері, реквизиторлар, сахна машинистері сияқты сахна сыртында жұмыс істейтін ондаған мамандық бар. Өкінішке қарай, осы мамандардың еңбек нормалары, кәсіби мәртебесі мен құқықтары мәдениет туралы заңда толық реттелмеген», - дейді Маемиров.
Оның пікірінше, егер театр туралы арнайы заң қабылданса, ол театр саласының құқықтық тұрғыдағы негізгі қозғаушы күшіне айналар еді.
Осы орайда республикалық кеңестің төрағасы Аманжол Әлтай елімізде театрлардың жаңадан салынуына және күрделі жөндеуден өткізілуіне ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтті. Алайда, депутаттың пікірінше, театр өнерінің дамуы тек облыс орталықтарымен шектелмеуі тиіс. Әсіресе моноқалаларда халықтың рухани сұранысына жауап беретін театрлардың болуы өзекті мәселе дейді ол.
«Сондай-ақ бала кезімізден бойымызға рухани нәр берген аудан орталықтарында халық театрлары болатын. Бүгінгі таңда олардың жұмысын қайта жандандыру да өте көкейтесті мәселе деп есептеймін», - деді депутат.
Бұдан бөлек, «Miras» кеңесінің отырысында музей мен архив саласын цифрландыру мәселесі де қозғалды.
«Қазіргі таңда Қазақстанның Ұлттық архив қоры шамамен 27 миллионды құрайды. Оның ішінде 10 пайызы цифрландырылған. Алдағы кезеңде негізгі міндет — осы материалдарды салалар бойынша жүйелеу, онлайн платформаларға қосу және кең жұртшылыққа қолжетімді ету. Бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Архив қорларын цифрландыруға Үкімет тарапынан алдағы үш жылға нақты тапсырма берілген. Белгіленген мерзім аясында барлық күш-жігерді жұмылдырып, жоспарланған нәтижеге қол жеткіземіз деп сенеміз. «Архив–2025» жобасы аясында көптеген заманауи технологиялар сатып алынды, серверлер, қуатты компьютерлер және соңғы үлгідегі сканерлермен толық қамтамасыз етілдік. Сонымен қатар, мамандарды даярлау және біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, оның ішінде шетелде оқыту тәжірибесі де бар. Осыған байланысты цифрландыру жұмыстары жоспарлы әрі тұрақты түрде жүзеге асады деп сеніммен айта аламыз», - деді ҚР Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов.