$ 503.44  593.35  6.55
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 16:55
Қоғам

Жаңа Конституция: Қазақстан халықаралық міндеттемелерден бас тартпайды – депутат

Астанада Конституциялық комиссияның отырысы жалғасып жатыр

Жаңа Конституция: Қазақстан халықаралық міндеттемелерден бас тартпайды – депутат
Фото: видеодан скриншот

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ Конституциялық комиссияның кезекті отырысында жаңа Конституция жобасындағы Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттарды қолданудың міндеттілігіне тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Әдетте Конституция мен халықаралық құқық өзара ықпалдасудың екі бағытын ұстанады. Біріншіден, мемлекет өз Конституция мәтініне халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарын, жалпыадамзаттық құндылықтарды және халықаралық құжатта бекітілген адам құқықтары мен бостандықтарын енгізеді. Солай Конституцияның ең жоғарғы заңды күші болады.  Екіншіден, мемлекеттер ұлттық құқыққа қатысты халықаралық құқыққа басымдық беру қағидатын басшылыққа алады. Бұл қағидат мемлекеттер арасындағы бейбітшілікті, өзара тиімді әрі тұрақты ынтымақтастықты қамтамасыз етудің негізгі құқықтық кепілі ретінде қарастырылады», - деді Үнзила Шапақ.

Айтуынша, жалпы заң ғылымында халықаралық құқық пен ұлттық құқықтың ара қатынас мәселесінің қойылуының өзі екі құқықтық жүйенің дербес екенін көрсетеді. Олардың арасындағы қатынастар үстемдік пен бағыныштылыққа емес, өзара әрекеттесу, бейімделу, келісім, толықтыру, үйлестіру және сәйкестендіру сияқты қағидаттарға негізделетіні жайлы пайымдайды.

«Ұсынылған Конституция жобасында халықаралық шарттарға қатысты үш негізгі ереже көзделген.  Біріншісі, Қазақстан Республикасының халықаралық шарт міндеттемелерінің нормалары Қазақстан Республикасының қолданатын құқық жүйесінің құрамдас бөлігі екені айқындалады. Осылайша жобаның 5-бабының 1- тармағында Қазақстан Республикасының қолданылатын құқығы Конституцияның, оған сәйкес келетін заңдардың, ҚР Конституциялық соты мен Жоғарғы сотының нормативтік қаулыларының, өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің, Қазақстанның халықаралық шарт міндеттемелерінің нормалары деп нақты көрсетілген. Сөйтіп Қазақстанның халықаралық міндеттемелерден бас тартпайды, керісінше, оны қолданылатын құқықтың, яғни қоғамдық қатынастарды реттейтін маңызды құрамы, бөлігі ретінде мойындалатыны тұжырымдалған. Бұл бойынша дау туындауы мүмкін емес, бұл бұрыннан келе жатқан қағидат, әлі де сол қалпынлда жұмыс істейтін болады», - деп атап өтті депутат.

Үнзила Шапақ жаңа Конституциядағы өзгерістер халықаралық міндеттемелерден бас тарту туралы емес, оларды қолдану тәртібіне қатысты екенін айтты.

«Жобада халықаралық шарттардың ел аумағында қолданылу механизмі заңдармен белгіленетіні жазылған. Бұл қалыпты халықаралық шарттардың заңды күші мен міндеттілігіне күмән келтіруге жол берілмейді. Үшінші, Қазақстан Республикасында ратификацияланған барлық халықаралық шарттар жарияланады. Бұл жоғарыда аталған екі ереженің іске асуының бірізді нәтижесі. Яғни біріншіден, біз халықаралық міндеттемелерді қолданыстағы құқықтың бөлігі ретінде танимыз. Екіншіден, оларды заң талаптарына сәйкес қолданамыз. Үшіншіден, оларды жариялаймыз», - деп толықтырды Шапақ.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасында ратификацияланған халықаралық шарттарды жариялау мемлекет қабылдаған міндеттемелермен барлық азаматтың танысуын қамтамасыз етеді.

«Халықаралық шарттарға қатысты жоғарыда айтылған ережелерді ескере отырып, ұсынылып отырған Конституцияның нормасы құқықтық айқындықты енгізуге, конституциялық құндылықтарды қорғауға және құқықтық реттеудің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді депутат.