Қазақстан адам өлтіріп, түрмеде отырып шыққан шетелдікке еліне жету үшін ақша берген
Ер адам сегіз жылға сотталған
Семей қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты ауыр қылмыс үшін жазасын өтеп шыққан шетелдікті Қазақстан аумағынан шығару туралы шешім қабылдады. Алайда шетелдіктің жолға ақшасы болмағандықтан, шығындар бюджет есебінен өтелетін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Анықталғандай, Өзбекстан азаматы 2018 жылы абайсызда адам өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын қасақана жасағаны үшін 8 жылға сотталып, жазасын толық өтеп, 2026 жылғы қаңтарда босап шыққан. Осыдан кейін Семей қаласының полиция басқармасы соттан ауыр қылмыс жасаған ер адамды елден шығаруды сұраған.
Сотта шетелдік Қазақстаннан кетуге қарсы емес екенін, бірақ туған еліне оралу үшін жолға ақшасы жоқ екенін мәлімдеген.
Сот қалалық полицияның арызын қанағаттандырды. Шетелдік белгіленген мерзімде Қазақстаннан шығарылады, ал бұл шешімді орындау уәкілетті органға тапсырылды. Ер адамның өз қаражаты болмағандықтан, сот шығындары мен елден шығаруға байланысты шығындар бюджет есебінен өтелетін болды.