Өскемендегі сарбаздың өлімі: үш басшы жазаланып, үш әскери қызметші жұмыстан кетті
Тергеу әзірге сарбаз өз-өзіне оқ атты деген нұсқаны тергеп жатыр
23 қаңтарда Өскемен гарнизонына қарасты әскери бөлімдердің бірінде орын алған қайғылы жағдайға байланысты, Қорғаныс министрі бірнеше адамды қызметінен босатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Орын алған барлық оқиғалар бойынша нақты кадрлық және тәртіптік шешімдер қабылданды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, штаб бастығы және қолбасшының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Әскери қызметші қаза тапқан әскери бөлімнің командирі, оның орынбасары, сондай-ақ батальон командирі атқарып отырған лауазымдарынан босады», - деп хабарланған Қорғаныс министрлігінің ресми мәлімдемесінде.
Айта кетейік, Қорғаныс министрлігі бұл мәлімдемесінде сондай-ақ осындай оқыс жағдайлардың алдын алуға бағытталған алты шарасы туралы айтқан еді.