Жамбыл облысында дүкеннен бургер алған 12 оқушы уланып қалған: сот шешімі шықты
Балалар улану белгілерімен ауруханаға түскен
Тараз қаласының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған соты он екі оқушының улануына қатысты істі қарады. Осы іс бойынша жеке кәсіпкер жауапқа тартылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Белгілі болғандай, былтыр қараша айында Байзақ ауданындағы дүкеннен бургер сатып алған 12 оқушы тамақтан улану белгілерімен ауруханаға түскен. Жоспардан тыс тексеріс барысында тамақ өнімдерінің сынамасынан ішек таяқшалары тобының бактериялары табылды. Яғни өнімді дайындау кезінде санитарлық нормалар бұзылған.
Сотта жеке кәсіпкер кінәсін ішінара мойындап, 12 оқушы бір мезетте улануы мүмкін емес екенін айтып ақталды. Себебі дүкенге күн сайын 3 бургер ғана жеткізіледі екен.
Сот жеке кәсіпкерді Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 425-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 1,2 млн теңге айыппұл салды. Айыппұл сомасын да 30%-ға қысқартты. Жеке кәсіпкердің қол астында 9 қызметкер жұмыс істейтінін ескеріп, оларды табысынан айырмау үшін дүкеннің қызметін тоқтатқан жоқ.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.