$ 509.94  593.88  6.43
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.01.2026, 13:45
Қоғам

Түркістандық кәсіпкерлер басқа біреуге сатылып кеткен мал үшін мемлекеттен субсидия алып отырған

Осылайша мемлекетке 271 млн теңге залал келтірген

Түркістандық кәсіпкерлер басқа біреуге сатылып кеткен мал үшін мемлекеттен субсидия алып отырған
Фото: istockphoto.com

Түркістан облысында ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінген субсидияны жымқырып келген бес кәсіпкерге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық прокуратураның ақпаратынша, 2020-2023 жылдар аралығында кәсіпкерлер ветеринарлық бақылау жұмысындағы олқылықтарды пайдаланып, мемлекеттік субсидияларды заңсыз алып отырған.

«Жекелеген шаруа қожалықтары іс жүзінде үшінші тұлғаларға сатылып кеткен мал туралы «Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» ақпараттық жүйесіндегі мәліметтерді өз мақсаттарына пайдаланған. Атап айтқанда, бір ғана «Береке» шаруа қожалығының өзі бұрын сатылған 440 бас ірі қара мал мен 5 088 бас ұсақ мал туралы мәліметтерді заңсыз пайдаланып, оларға субсидия рәсімдеген. Анықталған деректер бойынша мемлекетке келтірілген залалдың жалпы сомасы 271 млн теңгені құрады, бұл аса ірі мөлшер болып саналады», - деп мәлімдеді прокуратура.

Бұл істі арнайы прокурорлар тергеген.

Сот үкімімен бес адамға 5 жылдан 6 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталғандар бюджетке 140 млн теңгені қайтарып үлгерген.

Прокурорлар ветеринарлық қызмет тарапынан тиісті бақылау болмағандықтан, ақша жымқыру фактісі тіркеліп отыр дейді.

Сондай-ақ облыстық прокуратура 300 млн теңгеден астам сомаға қатысты ұқсас жымқыру деректерін тергеп жатыр, іс жақын арада сотқа жолданады.

Серіктес жаңалықтары