Мәжіліс депутаты Маңғыстау облысында қалдықты қайта өңдеу проблемасын көтерді
Мәжілісте экология мәселелеріне қатысты түзетулер әзірленіп жатыр
Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында қалдықтарды басқару жүйесіне түсетін жүктеменің артуына байланысты проблема туындап отыр. Қайта өңдеу қуатының жетіспеуіне байланысты Баянды ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны тек өз аумағындағы ғана емес, Ақтау қаласынан, сондай-ақ Түпқараған ауданының бірқатар ауылынан келетін қоқысты қабылдауға мәжбүр. Жағдайды көзбен көріп, нақты шешімдер әзірлеу үшін нысанға Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Полигон Баянды ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 2,5 км жерде, Ақтау халықаралық әуежайынан 21 км тұста орналасқан. Жобалық аумағы – 25 гектар, есепті пайдалану мерзімі – 30 жыл. Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлердің жұмысы есебінен полигонға түсетін қалдықтың шамамен 40 пайызы престеліп, қайта өңдеуге жіберіледі. Мәжілістің Экология мәселелерінің және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы бұл шаралардың өзі де мәжбүрлі сипатта екенін және толыққанды қайта өңдеу жүйесін алмастыра алмайтынын атап өтті.
Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, депутаттардың бастамасымен Мәжілісте экология мәселелеріне қатысты түзетулер әзірленіп жатыр.
«Жаңа заң жобасы қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге, қайта өңдеуге арналған экономикалық ынталандыру тетіктерін енгізуге және утиль төлемдеріне қатысты тәсілдерді қайта қарауға бағытталған. Экология – абстрактілі тақырып емес. Президент «Turkistan» газетінде жарияланған сұхбатында айтқандай, тазалық біздің ұлттық менталитетіміздің өзегіне айналуға тиіс. Сол үшін де біздің партиямыз экология мәселесіне ерекше көңіл бөледі. «Таза бейсенбі» партиялық акциясы аясында екі жылға жетпейтін уақытта ел бойынша 190 мың тоннадан астам қоқыс жиналды», – деді депутат.
Депутат Маңғыстау облысында қалдықтарды басқару мәселесі жалпы алғанда әлі де өткір проблемалардың бірі болып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша аймақтың климаттық ерекшеліктерін, құрылыс тығыздығын және көші-қон өсімін ескере отырып, қоқысты сұрыптау мен қайта өңдеуді дамыту полигондар толып кеткеннен кейін емес, заңнамалық өзгерістермен қатар жүруге тиіс.
Айта кетері, бір күн бұрын Еділ Жаңбыршин жергілікті мәслихаттардың төрағаларымен және депутаттарымен кездесу өткізген. Кездесу барысында ол Мәжілісте қабылданған және әзірленіп жатқан, азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған заңдар туралы, сондай-ақ негізгі салалық мәселелер бойынша жүргізілген талдамалық және мониторингтік жұмыстардың нәтижелері жөнінде кеңінен баяндады.
Аймақтарды дамыту, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын – су, жылу және газбен жабдықтауды жаңғырту, энергетикалық инфрақұрылымды, соның ішінде МАЭК-ті қолдау мәселелеріне, сондай-ақ экология, жер қойнауын пайдалану, азық-түлік қауіпсіздігі, денсаулық сақтау және білім беру салаларына ерекше назар аударылды. Ал мәслихат депутаттары мектептер мен жолдардың жай-күйінен бастап тарихи мұраны сақтау мен экологиялық проблемаларды шешуге дейінгі өзекті мәселелерді көтерді. Айтылған барлық мәселені депутат жеке бақылауына алды.