Тараздағы өрт: зардап шеккендерге әкімдік қандай көмек көрсетеді
Өрттің шығу себебі мен шығын көлемін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды
Жамбыл облыстық әкімдігі Тараздағы шатыры өртенген бес қабатты үйдің тұрғындарына жан-жақты көмек көрсетеді. Оқиғаның салдары мен тұрғындардың тұрмыс жағдайы оқиға орнында тексерілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Оқиғаға байланысты нысанда төтенше жағдай жарияланды. Әр пәтер бойынша келтірілген шығын есептеліп, қалпына келтіру жұмыстары заң талаптарын қатаң сақтай отырып жүргізіледі. Зардап шеккен барлық тұрғындарға қажетті көмек көрсетіледі», - деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.
Қазір мердігерлер бүлінген шатырды қалпына келтіру жұмыстарын бастады. Пәтерді жөндеу жұмыстары тиісті комиссияның бағалауы аяқталғаннан кейін басталады.
Өрт 2025 жылдың 31 желтоқсанында болған. Өрт жағдайы балконнан басталып, шатырға тараған. Жүз адам, оның ішінде 30 бала эвакуацияланды, жарақат алғандар жоқ. Кейбір тұрғындар уақытша қонақүйге орналастырылды. Өртті сөндіруге 62 өрт сөндіруші мен 22 бірлік техника жұмылдырылды. Өрт толығымен сөнді.