$ 504.6  594.27  6.48
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 17:28
Қоғам

«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауы азаматтардың әртүрлі мәселелерін тыңдады

Биыл 11 айда «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 112,3 мың өтініш келіп түскен

«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауы азаматтардың әртүрлі мәселелерін тыңдады
Фото: партияның баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек партияның Республикалық қоғамдық қабылдау алаңында азаматтарды қабылдады. Тұрғындар алимент өндіру, жер учаскесіне акт алу, құжат рәсімдеу және жаңа спорт секцияларын ашу сынды бірқатар мәселе бойынша жүгінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Астана қаласының тұрғыны Динара Қалдыбекова 10 жылдан астам уақыттан бері кәмелетке толмаған екі баласына алимент өндіре алмай келеді. Сот шешімі шыққанына қарамастан, оның ұзақ уақыт бойы орындалмай отырғанын жеткізді. Бүгінде берешек сомасы шамамен 9 млн теңгені құрайды. Ал жеке сот орындаушы түрлі сылтаумен өтініш иесінен 100 мың теңге көлемінде заңсыз ақша талап еткен.

Ал Жамбыл облыстық қан орталығының директоры Гулам Умаров кәсіподақтар базасында медицина қызметкерлеріне арналған тәулік бойы жұмыс істейтін бірыңғай заңгерлік колл-орталығын ашуды ұсынды. Осы орайда партияның Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек жуырда «AMANAT» партиясы мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын және оған сәйкес, бұл мәселе ұйым өкілдерімен де жан-жақты талқыланатынын атап өтті.

Сонымен қатар этникалық қазақтарға – басқа елдердің азаматтарына Қазақстанда 10 жыл өмір сүруге және жұмыс істеуге құқық беретін «Ата жолы» картасын иеленген Швейцария азаматы, дәрігер Серік Тұрсын Қазақстанда Ультрадыбыстық зерттеу мектебін ашуға қолдау көрсетуді өтінді. Ал Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласының тұрғыны Жанна Мустафа сақтандыру компаниялары мен жеке сот орындаушылары залалды өтемей отырғанына шағымданды. Астаналық Гүлзат Мәдібекова жер учаскесіне акт алу, құжат рәсімдеу мәселесімен жүгінді. Ержан Әмірханов Семей қаласында балалар грек-рим күресімен шұғылдана алатын жаңа зал қажет екенін жеткізді.

Бұл ретте бірқатар өтініш тиісті мемлекеттік органдарға жолданды. Кейбір мәселе бойынша нақты түсіндірме беріліп, құқықтық көмек көрсетілді.

Осы орайда «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек тұрғындарды толғандырған түйткілдер назардан тыс қалмайтынын және осы қабылдауда көтерілген барлық мәселені жеке қадағалап отыратынын жеткізді.

«Бүгінгі қоғамдық қабылдауға келген азаматтар «AMANAT» партиясының қолдауы мен көмегіне сенім артып, өз өтініш-тілегімен жүгінді. Олар бұған дейін шешімін таппаған, қордаланған мәселелері бойынша бірқатар мекеменің табалдырығын тоздырып үлгерген еді. Партиямыз өз жұмысында осындай азаматтардың жағдайына айрықша мән береді. Себебі біз үшін азаматтардың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту және оларды толғандырған мәселелердің нақты шешімін табуына ықпал ету – негізгі басымдықтардың бірі. Партия бұл өтініштердің орындалуын бақылауда ұстайды», – деді Дәулет Кәрібек.

Еске сала кетейік, биыл 11 айда «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 112,3 мың өтініш келіп түсіп, оның 58%-ы оң шешімін тапты. Қалған мәселелер бойынша түсініктеме берілді. Сондай-ақ шалғай елді мекендерде 2146 мобильді қоғамдық қабылдау өткізіліп, 2 440 ауыл қамтылды. Нәтижесінде, тұрғындардан 15,7 мың өтініш қабылданып, оның 48%-ы оң шешімін тапса, 49%-ы бойынша түсінікте берілді. Қалған 3%-ы бойынша жұмыс жүргізілуде.

Серіктес жаңалықтары