Мобильді жедел жәрдем қызметінің ақысы МӘМС қорынан төленеді

Министрлік бекіткен тариф бойынша бір шақыртуға 5400 теңге төленеді

Мобильді жедел жәрдем қызметінің ақысы МӘМС қорынан төленеді
Фото: ашық дереккөзден

Алдағы уақытта іске қосылатын мобильді жедел жәрдем қызметінің ақысын мемлекет төлейді. Қаржы Медициналық сақтандыру қоры арқылы аударылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Қордың Алматы қалалық филиалына сілтеме жасап.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі емханалар жанынан мобильді бригадалар ашылатынын хабарлаған болатын. Фельдшерлік немесе дәрігерлік бригадалар COVID-19 бен пневмония белгілері анықталған сырқаттардың денсаулығын бақылауға алып, сондай-ақ, стационарда емделіп шыққан пациенттерге медициналық көмек көрсетпек. Сонымен қатар мобильді бригадалар созылмалы сырқаттары бар пациенттердің үйіне барып көмек көрсетеді, жүкті әйелдер мен балалар патронажын да осы бригадалар атқарады.  

«Мобильді бригадалар өткір респираторлық вирустық инфекция, коронавирус, тұмау, өкпе қабыну белгілері бар тұрғындардың үйлеріне барып ПТР-тест алады. Сонымен қатар пациентті қарап, диагноз қояды. Халық аталған бригадалардың қызметі үшін ақы төлемейді», – деп хабарлайды МСҚ Алматы қалалық филиалы басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Министрлік бекіткен тариф бойынша бір шақыртуға 5400 теңге төленеді. Бригада қызметкерлері қорғаныс құралдарымен, пульсоксиметрлермен және тағы да басқа қажетті құралдармен қамтамасыз етіледі. Қазір жергілікті Қоғамдық денсаулық басқармалары аталған бригадаларды ұйымдастыру бағытында жұмыс істеп жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.