$ 511  602.72  6.49
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 17:31
Қоғам

«Нағыз қылмыс»: президент құрылыс компанияларының жұмысын сынады

Санды көбейтеміз деп, сапаны ұмытып кететіндер бар дейді Тоқаев

«Нағыз қылмыс»: президент құрылыс компанияларының жұмысын сынады
Фото: freepik.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы тұрғын үйлердің сапасына қатысты проблеманы қозғап, құрылыс компанияларының жауапкершілігін күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент тұрғын үйлер сапалы салынуы қажет екенін атап өтті. Айтуынша, Астана – құрылыс қарқыны бойынша елімізде көш бастап тұр. Жыл басынан бері қалада 5 миллион шаршы метр үй салынған. Бұл – бүкіл елде қолданысқа берілген тұрғын үйлердің төрттен бірі деген сөз.

«Әрине, жақсы көрсеткіш. Бірақ санды көбейтеміз деп, сапаны ұмытып кететіндер бар. Мысалы, таяуда тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы опырылып түсті. Тағы бір үйде лифт құлады. Екі жағдай да қайғылы оқиғаға әкеп соқтырды. Сапасыз материалдарды пайдалану, құрылысқа қатысты ережелерді және қауіпсіздік талаптарын сақтамау – нағыз қылмыс. Мұны ашық айтуымыз керек. Бұған мүлдем жол беруге болмайды», - дейді Тоқаев Астананы дамыту жөніндегі кеңесте.

Үкімет құрылыстың барлық кезеңін, яғни жобалаудан бастап дайын үйді тапсыруға дейінгі үдерісті толық цифрландыруға тиіс. Сол арқылы бұл салада тәртіп орнатып, жұмыстың сапасын қамтамасыз етуі қажет. Аймақ әкімдері елді мекендердің цифрлық көшірмесін жасап, барлық нысанның жай-күйін үнемі бақылауда ұстауы керек, деп жалғастырды сөзін мемлекет басшысы.

«Құрылыс компанияларының жауапкершілігін күшейту қажет. Үй салып жатқан компаниялар мен мердігерлер туралы және сараптама нәтижелері жайлы ақпарат ашық әрі қолжетімді болуға тиіс», - деп талап етті Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары