$ 517.66  606.49  6.44
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 17:55
Қоғам

Астана әкімі жүргізушілерді қуантатын жаңалықты жария етті

Әңгіме ақылы автотұрақтарға қатысты

Астана әкімі жүргізушілерді қуантатын жаңалықты жария етті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада қаланың коммуналдық меншігіне өткен автотұрақтардың көбі тегін болады. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, ақылы автотұрақтарда минут сайын төлем алу деген болмайды.

«Әлемнің көптеген елінде қалай жасалса, бізде де солай болады. Онда белгілі бір уақыт аралығы бар: 15 минутқа дейін, жарты сағат немесе бір сағатқа дейін көлікті тегін қоюға болады. Бұл тұрақтың орналасқан жеріне, қаланың сол бөлігіндегі қозғалыс қарқындылығына байланысты сараланады. Бірақ минут сайын төлем алу деген болмайды», - деді Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Қала әкімі барлық автотұрақ коммуналдық меншікке өткенін, әкімдік жекеменшік компаниямен тиісті құжатқа қол қойғанын атап өтті.

«Бұған дейін біз соттастық, белгілі бір құқықтық мәселелер болды, алайда соған қарамастан біз келісімге қол қойдық. Екі тараптан да — біздің тарапымыздан да, олардың тарапынан да — ешқандай өтемақы төлемдері қарастырылмаған. Осы жеке компанияның басқаруында болған барлық жер телімі қалаға толығымен өтеусіз негізде беріледі. Сонымен қатар, барлық инфрақұрылым, шлагбаумдар, өзге де жабдықтар және бүкіл цифрлық платформа жүйесі түгелдей коммуналдық меншікке өтеді», - деді әкім.

Әкім қала тұрғындарының пікірін ескере отырып, бірқатар нысандарды қайта қарайтынын атап өтті. Айтуынша, әлеуметтік нысандардың алдында ақылы тұрақтар мүлде болмайды.

«Ал қаланың орталық бөлігінде — Достық, Қонаев көшелері сияқты, қозғалыс өте қарқынды аймақтарда — біз көптеген әлемдік астаналардың тәжірибесіне сүйене отырып әрекет етеміз. Өздеріңіз де білесіздер, қала орталығына көлікпен кіру өте қымбат. Мысалы, Мәскеуде Тверская көшесінде көлікті қалдыру 20 мың рубльге дейін шығады», - дейді ол.

Жеңіс Қасымбек көптеген тұрақ орны тегін болатынын айтты.

«Қазір тұрақтарды коммуналдық меншікке беру процесі толық аяқталған соң, біз кейбір орындар бойынша міндетті түрде қайта қараймыз. Көптеген тұрақ орындары мүлде тегін болады. Ал кептеліс мәселесі бар жерлерде, әрине, адамдарды ол жерлерге көлігін қоймауға ынталандыратын шаралар қабылдаймыз», - деді әкім.

Бұған дейін Астанадағы барлық автотұрақ қаланың коммуналдық меншігіне өткені хабарланды.

Серіктес жаңалықтары