$ 517.66  606.49  6.44
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Астана Жұмысшы мамандықтар жылында қандай нәтижеге жетті

Бір жыл ішінде елордада 150-ден астам түрлі деңгейдегі іс-шара ұйымдастырылған

Астана Жұмысшы мамандықтар жылында қандай нәтижеге жетті
Фото: Azattyq Rýhy

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Жұмысшы мамандықтар жылының қорытындыларына арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиынға 1300-ге жуық адам қатысты. Шара барысында жыл бойы іске асырылған бастамалардың нәтижелері қорытындыланып, елордадағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің даму бағыттары таныстырылды.

Іс-шараға Астана қаласы әкімдігі мен Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, жұмыспен қамту және жастар саясаты саласының мамандары, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, әлеуметтік серіктестер, қоғамдық ұйымдар, сондай-ақ колледж басшылары, педагогтар мен білім алушылар қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Салтанатты жиында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға үлес қосқан үздік педагогтар марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Жұмысшы мамандықтар жылы еңбек адамының қоғамдағы рөлін күшейтуге және кәсіби-техникалық білімге деген қызығушылықты арттыруға бағытталды.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен өз сөзінде атқарылған жұмыстардың ауқымына тоқталып, бастамалардың бір жылмен шектелмейтінін атап өтті.

«Биылғы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында біз бұл кәсіптерді тек дәріптеп қана қоймай, болашаққа бағытталған жүйелі бастаманың негізін қаладық. Бұл – жұмысшы мамандықтарының жаңа дәуірі басталғанын білдіреді. Еңбек адамы бар жерде тұрақтылық, сапа және нақты нәтиже бар», – деді ол.

Әкім орынбасарының мәліметінше, жыл ішінде елордада 150-ден астам түрлі деңгейдегі іс-шара ұйымдастырылған. Ерте кәсіби бағдар беру мақсатында колледждер базасында мектеп оқушылары 10 түрлі мамандық бойынша алғашқы жұмысшы біліктілігін алған. Сонымен қатар мектептерде 100 профильді сынып ашылып, 1 800-ден астам оқушы қамтылған.

Жастарды өндірістік ортаға бейімдеу үшін жыл бойы елорда кәсіпорындарында 12 мыңнан астам мектеп оқушысы мен студентке экскурсиялар ұйымдастырылды. Қазіргі таңда Астанадағы 32 колледжде экономиканың негізгі салалары үшін кадр даярлау жүргізілуде. 90-нан астам кәсіпорынның өтінімі бойынша 17 мамандықта шамамен 3 мың студент мақсатты даярлықтан өтуде. Сонымен қатар жұмысшы мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттерге арналған 1 000 орындық жатақхананың құрылысы аяқталуға жақын. Жастар еңбек жасақтарына 5 мыңнан астам студент пен оқушы тартылып, алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтаған. Ал 28 мыңға жуық жас электрондық еңбек биржасы платформасын пайдалану дағдыларын меңгерген.

Материалдық-техникалық база кезең-кезеңімен жаңартылып, ресурстық орталықтар ашылуда. Жұмыс берушілермен бірлескен қысқа мерзімді оқыту бағдарламалары, соның ішінде нақты сұранысқа бағытталған «Жолдама» жобасы іске асырылып жатыр. Бұдан бөлек, биыл жұмысшы мамандықтарына арналған арнайы аллея ашылған.

Шараға қатысқан теміржол саласының маманы Қанат Жайылмыс жұмысшы мамандықтарының маңызына тоқталып, өз тәжірибесімен бөлісті. Ол теміржол саласында 23 жыл қызмет атқарған, қазіргі таңда жас мамандарды өндірістік оқыту бойынша дайындайды.

«Теміржол саласы – өте ауыр әрі жауапкершілігі жоғары сала. Әр адам өз мамандығын сүйіп, өз қалауымен еңбек еткенде ғана жұмыс алға басады. Абай атамыз айтқандай, «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпесін далаға». Бұл салада тәртіп бірінші орында. Тәртіп болмаса, теміржолдағы жұмыс та қиынға соғады. Кейбіреулерге теміржолшының жұмысы тек пойыздардың қозғалысын бақылаумен шектелетіндей көрінуі мүмкін. Алайда бұл салада көптеген бағыт, көптеген мамандық бар. Мен өз еңбек жолымды машинист болып бастадым, кейін аға машинист болдым. Қазір өндірістік оқыту шебері қызметін атқарып жүргеніме шамамен төрт жыл болды. 2018 жылға дейін жол жөндеу машиналарымен жұмыс істеп, Қазақстанның барлық өңірін араладық. Негізгі міндетіміз – теміржол жолдарын жөндеу, күтіп-ұстау, арнайы машиналармен жұмыс істеу болды. Бұл – физикалық жағынан да, жауапкершілік тұрғысынан да ауыр еңбек. Теміржол саласына мен 2003 жылы Астана қаласына көшіп келген кезде келдім. Сол жылдан бері осы салада үздіксіз еңбек етіп келемін. Биыл теміржолда істеп жүргеніме 23 жыл толып отыр. 20 жылдық еңбек өтілім үшін «Қазақстан темір жолы» компаниясы тарапынан арнайы марапат та берілді», - деді ол.

Ол теміржолшыларға арналған қолдау шаралары туралы айтып берді.

«Теміржолшылардың жалақысы отбасын асырауға жеткілікті деп сеніммен айта аламын. Өзімнің екі ұлым, бір қызым бар. Отбасымызбен бірге Астанада тұрамыз. Құдайға шүкір, жағдайымыз жақсы, тірлігіміз бірқалыпты. Әлеуметтік қолдау мәселесіне келсек, теміржолшыларға компания тарапынан түрлі көмектер көрсетіледі. Ұжымдық келісімшарт бар. Соның аясында мерекелерде сыйақылар қарастырылған, сонымен қатар санаторийлерге жолдама, демалыс орындары, медициналық қызметтер, соның ішінде тіс емдеу де бар. 60 жасқа толған қызметкерлерге арнайы құрмет көрсетіледі. Теміржол саласындағы кәсіптік-техникалық мамандықтардың беделін көтеру өте маңызды. Бұл – нағыз еңбек адамының саласы. Осы бағытта үздік мамандарға «Үздік маман», «Құрметті теміржолшы» сияқты марапаттар беріледі. Сондай-ақ еңбек өтіліне қарай 10, 20, 30 жылдық белгілермен марапаттау дәстүрі бар», - деді ол.

Жиын қорытындысында қатысушылар жұмысшы мамандықтарының ел экономикасындағы стратегиялық маңызын атап өтіп, бұл бағыттағы бастамалар алдағы жылдары да жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары