Астанада «AulaFest» байқауының марапаттау рәсімі өтті
«AulaFest» жастардың спорттық, шығармашылық және қоғамдық қабілеттерін дамытуға бағытталған кешенді жоба
Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Махамбет Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында «AulaFest» жобасының қатысушыларын марапаттау салтанаты мен есептік концерт өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сахнада Жастар саясаты басқармасының басшысы Самат Ибраев пен «Астана жастары» ЖРО КММ жетекшісі Шыңғыс Тлеулин сөз сөйлеп, «Aula» клубтарының жетекшілерін, үздік спортшылар мен шығармашыл жастарды марапаттады. Жалпы саны 170 адам қошеметке бөленіп, марапатқа ие болды.

Аула клубтарының тәрбиеленушілері концерттік бағдарламамен көрермендерді қуантты.
«AulaFest» - жастар арасында бұқаралық спортты дамыту, шығармашылық әлеуетті ашу және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған кешенді жоба. Жобаның негізгі мақсаты - белсенді қатысушыларды ынталандыру, олардың жетістіктерін көрсету және жастар үшін қолайлы, шығармашылық әрі спорттық орта құру.

Бағдарлама аясында оқушылар өз шеберліктерін танытып, командалық рухты арттырды және бір-бірімен тәжірибе алмасты. Сонымен қатар, «AulaFest» жастарды дене белсенділігіне тартуға, ұлттық мәдениет пен өнерге қызығушылығын арттыруға және әлеуметтік белсенділігін дамытуға ықпал етеді. Жоба қатысушыларының жетістігі мен белсенділігі жастар үшін нағыз үлгі болып отыр.