$ 513.55  602.09  6.42
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.12.2025, 12:27
Қоғам

Денсаулық сақтау саласы толық цифрландыруға көшеді: МӘМС жүйесінде не өзгермек

Бектенов жиын өткізген

Денсаулық сақтау саласы толық цифрландыруға көшеді: МӘМС жүйесінде не өзгермек
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының медициналық қызметтердің сапасын арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында денсаулық сақтау саласын цифрландыру және қаржылық ашықтық мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиында Денсаулық сақтау министрлігі мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (МӘМС) қызметін жетілдіру, цифрлық трансформациялау және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған шаралар қаралды. Қазіргі таңда Қазақстанда МӘМС жүйесімен шамамен 17 млн адам қамтылған, оның 12 млн-ға жуығы жеңілдікке ие санаттарға жатады. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың мәліметінше, соңғы 6 жылда МӘМС қаражатының жалпы көлемі 6,8 трлн теңгеден асқан, оның 2 трлн теңгесі мемлекет есебінен жеңілдік санаттары үшін төленген. Тек биылдың өзінде бұл мақсаттарға 1,4 трлн теңге бағытталған.

Кеңесте 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті кеңейетініне байланысты жүйеге бақылауды күшейту және ашықтықты арттыру үшін цифрлық тетіктерді енгізу мәселелері талқыланды. Тиісті заңнамалық өзгерістер келер жылдан бастап күшіне енеді.

Қазіргі уақытта медициналық көмектің 92%-ы автоматтандырылған. 2026 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар сатып алу, медициналық қызметтерге ақы төлеу секілді негізгі бизнес-процестер толық цифрландырылған. Қордың ақпараттық жүйесі бірқатар мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланып, жеңілдікке ие санаттар бойынша мәліметтердің автоматты жаңартылуын қамтамасыз етті.

2025 жылдың 1 шілдесінен бастап медициналық қызметтердің сапасын мониторингтеу мен ақы төлеу бірыңғай цифрлық жүйеге біріктірілді. Бұл төлем құжаттарының санын айтарлықтай қысқартып, бухгалтерлік жүйелермен интеграцияны жеңілдетті. Медициналық ұйымдарда Face ID жүйесінің енгізілуі тіркеу деректерінің бұрмалануын 7%-ға азайтып, бюджеттен шамамен 10,5 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік берген.

Алдағы кезеңде медициналық қызметтерді қаржыландыру үшін рейтингтік баға есептеу тетіктерін толық цифрландыру, сондай-ақ 2026 жылы медициналық деректердің бірыңғай қоймасын қалыптастыру жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары