ШұғылҚазақстанда тағы 517 адамнан коронавирус анықталды

Қостанай облысында дәрігерлер жұмыс істеуден бас тартып жатыр

Оларға қорғаныш костюмдері берілмеген

Қостанай облысында дәрігерлер жұмыс істеуден бас тартып жатыр.  Коронавирусқа қарсы күреске шақырылған дәрігерлерге қорғаныш костюмдерін бермеген. Ал қауіпті індетті жұқтырып алудан қорыққан ақ халаттылар бұйрыққа қарамастан жұмысты тастап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.      

Қостанай қалалық инфекциялық ауруханасына шақырылған дәрігердің бірі -Толқынжан Илхамжанұлы. Инфекциялық ауруханада мамандар  жетіспеген соң №1 қалалық емхананың жалпы дәрігері де өзге әріптестері секілді  бұйрық бойынша  ауыстырылған. Алайда эпидемия өршіп тұрған орталыққа келген мамандарға басшылар  қолданылған, ескі қорғаныш костюмдерін берген. 

«Бізді дәрігерлер керек деп инфекциялық ауруханаға кезекшілікке жіберді. 28 маусымнан бастап жұмыс істеп жатырмыз. Алғашқы үш күніміз тыныш өтті.Кешеден бастап эпидемиядан қорғайтын костюмдерді бермейміз деді. Қолданылған, бұрын жұмыс істеген дәрігерлер киіп тастаған,  скотчпен жапсырылған киімдерді берді. Медбикелер, санитарлардан қалған ескі  киімдер. Егер өзімізде қажетті заттар болмаса вируспен қалай күресеміз? Менің екі кішкентай балам бар,  отбасым үшін вирус жұқтырудан қорқам. Қызметкерлердің жартысы «жұмыстан шығарса шығарып жіберсін, бұлай жұмыс істемейміз, бала-шағамыз бар,  өзімізді қорғай алмасақ халықты қалай қорғаймыз» деп кетіп қалды. Жағдай жасалмаған мүлдем. Маска да жоқ,  қызметкерер марліден тігіп киіп жүр. Осы мәселелерді  тездетіп шешіп берсеңіздер»,  - деді журналистерге шағымданған дәрігер Толқынжан Ғафуров.

Түрлі медициналық мекемелерден жиналған дәрігерлердің сөзінше, вирус жұқтырғандар саны көбейгендіктен инфекциялық ауруханада қосымша  провизорлық стационар ашылған. Тағы бір дәрігер мамандарға арналған бөлменің ішінде илектеніп жатқан ескі костюмдерді де көрсетті. 

«Таза аймақ» деп белгіленген  кабинеттің ішінде санитарлардан қалған медициналық   костюмдер шкафта ғана емес, еденде де жатыр.

«Құрметті әріптестер және жоғары жақтағы басшылар,  бүгін мен жұмысқа шығудан бас тартам. Себебі,  жағдай жасалмаған. Бұл ауруханада  сиптомдары анық, коронавирус сынамасы оң нәтиже көрсеткен науқастар да жатыр. Ал  сіздер бізге немқұрайлы қарайсыздар. Біз өз отбасымыз бен денсаулығымыз үшін алаңдаймыз. Сондықтан мен стерилденбеген костюмдерді кимеймін»,- деді қалалық инфекциялық ауруханасының травматолог-дәрігері Роман Лавриненко.

Қиын сәтте қызметкерлер жаппай жұмыстан бас тартқан соң мекеменің бас медбикесі Илона  Шаповалова мәселені шешуге уәде беріпті. Ол дәріханалардан 20 шақты қорғаныш киімін тауып бермек. Алайда бұйрыққа бағынбай, жұмыстан бас тартқан қызметкерлердің үстінен басшылар  рапорт түсіретіндерін ескерткен. Шу шыққан орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрсұлу Кәкімжанова, аталған жағдайға қатысты ақпарат бере алмайтынын, өздері кейін хабарласатындарын айтты. 

Әмірболат Құсайынұлы,  Алматы

Сұхбат