Қатон-Қарағай мен Зайсан әуежайлары қашан ашылады
Қытай мен Моңғолияға да әуе рейстерін ашу жоспарланып отыр
Қатон-Қарағай мен Зайсанда салынып жатқан әуежайлар келер жылы туристік маусымның басына қарай алғашқы жолаушыларды қабылдайды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының туризм басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Туризм басқармасының ақпаратынша, қазір Зайсандағы әуежай құрылысы 66%-ға, ал Қатонқарағайдағы әуежай 55%-ға аяқталған. Құрылыс барысында ұшу-қону жолағы мен рулеждік жолақтар салынды. Бұдан бөлек, тиісті жабдықты сатып алу және орнату жұмысы жүргізіліп жатыр.
«Келесі туристік маусымның басына қарай алғашқы әуе рейстері іске қосылады деп жоспарланып отыр. Өскемен, Астана қалаларына, сондай-ақ Қытай мен Моңғолия қалаларына әуе бағыттары ұсынылады. Билеттердің нақты бағасы әлі бекітілмеген, себебі тарифтер кейбір факторларға байланысты анықталады. Атап айтқанда, баға сұраныс деңгейіне байланысты өзгеруі мүмкін. Сонымен қатар, баға маусымдыққа, әуе компаниясына және қосымша қызметтерге байланысты өзгереді», - делінген басқарманың ресми сауалға берген жауабында.
Сондай-ақ екі әуежай үшін карьерлік орталықтар арқылы мамандар даярлануда. Бүгінде Өскемен әуежайының базасында 45 адам оқып жатыр: тексеру инспекторы, қауіпсіздік бөлімінің инспекторы, жолаушыларды тіркеу және отырғызу жөніндегі агент, әуе кемелеріне қызмет көрсететін жүргізуші, электрмонтер және тағы басқа. Жалпы 114 адам кәсіби біліктілігін көтеруді жоспарлап отыр.
Зайсан мен Қатонқарағай аудандарында заманауи әуежайдың ашылуы туризмді дамытуға және инвестиция тартуға жаңа перспективалар ашып, Шығыс Қазақстанның халықаралық туристік маңызды орталық ретінде позициясын нығайтады. Бірақ екі әуежай іске қосылғаннан кейін өңірге келетін туристер саны нақты қаншаға өсетінін болжау әлі ерте, дейді басқармадағылар.
«Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, ал абсолюттік сандар мен пайыздық көрсеткіштер 2026 жылғы жазғы маусым аяқталғаннан кейін және туристік белсенділікті мониторингтен өткізгеннен кейін нақтыланады», - деп атап өтті олар.