Психикалық аурумен есепте тұрған қазақстандық ұзақ жылдар бойы көлік жүргізіп келген
Маңғыстау тұрғыны жүргізуші куәлігін 2018 жылы алған
Маңғыстау облысында психоневрологиялық есепте тұрған азамат сот шешімімен көлік жүргізу құқығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Маңғыстау облысының полиция департаменті жергілікті тұрғынның көлік басқару құқығын тоқтату туралы талап-арызбен сотқа жүгінген.
Анықталғандай, әлгі азамат «Психикалық және мінез-құлық бұзылысы — G07.0» диагнозымен психоневрологиялық есепте тұрады. Елімізде бұл диагнозбен автокөлік басқаруға тыйым салынады. Соған қарамастан оның 2018 жылғы 7 маусымда алған жүргізуші куәлігі бар екен.
Маңғыстау аудандық соты жол қозғалысы қауіпсіздігіне төнуі мүмкін қатерді ескере отырып, полицияның талап-арызын қанағаттандырды. Осылайша оны көлік жүргізу құқығынан айырды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.