«Бауырларды ажыратқымыз келген жоқ»: Маңғыстауда ерлі-зайыпты бір үйдің бес жетім баласын асырап алған
Балалар жетімдер үйінде өсіп жатқан
Ақтау қаласында тұратын Бейсенбек Рысжанов пен Ляззат Абдашова есімді ерлі-зайыпты жетім қалған бес баланы бір-бірінен ажыратпай, асырап алған. Бауырлардың үлкені - 15 жаста, кенжесі - 4 жаста, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Маңғыстау облысы Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметіне сүйенсек, балалардың өмірге деген құлшынысы артқан.
«Ляззат Абдашованың айтуынша, шаңырақ құрғаннан кейін 3 жылдан соң тұңғышы дүниеге келген. Содан кейін ерлі-зайыпты сегіз жыл бойы сәбилі болуды армандаған. Осы кезеңде олар бала асырап алу порталына тіркеліп, ұсыныс түскенде бес бауырды бірге асырап алуға шешім қабылдаған», - деп хабарлайды дереккөз.
Айта кетері, балалар бұл отбасыға келмей тұрып, балалардың үлкені басқа отбасыға кетіп қала жаздаған екен.
«Бастапқыда үлкенін басқа отбасыға бермек болғанын естіп, барлығын бірге алуға өтініш білдірдім. Бесеуі де отбасымызға тез үйренісіп, бір-бірімен тату болып кетті. Балалардың жастары қатар болғасын бір-бірімен ойнап жақсы уақыт өткізеді. Балалар бірден мама деп атап кетті. Қазір бәрінің жағдайы жақсы, біз өте бақыттымыз, - деді Ляззат Абдашова.
Отбасының айтуынша, балалардың жағдайын жақсарту үшін олар баспанасын кеңейтіп жатыр екен.
«Біз өзіміз бес бөлмелі пәтерде тұрамыз. Бұл балалар да өзіміздің балалармен тең болсын деп үстіміздегі жоғарғы қабаттан төрт бөлмелі пәтер сатып алдық. Алдағы уақытта жөндеу жұмыстарын жүргізіп, екі пәтерді баспалдақ арқылы біріктіріп, әр балаға жеке бөлме жасауды жоспарлап отырмыз», - деді Ляззат Абдашова.