$ 518.39  603.09  6.68
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

WhatsApp чаттардың көптігі ұстаздарға оқушымен жеке жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді – депутат

Қазіргі уақытта репетиторлыққа сұраныс шамамен 25 пайызға артқан

WhatsApp чаттардың көптігі ұстаздарға оқушымен жеке жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді – депутат
Фото: ЖИ

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов қазіргі мектеп жүйесінің балаға сапалы білім беруде қиындықтарға тап болып отырғанын айтты. Оның сөзінше, ең алдымен мұғалімдердің шамадан тыс жүктемесі, қағазбастылық, инфрақұрылымның теңсіздігі және WhatsApp арқылы тапсырмалар мен чаттардың көптігі ұстаздарға оқушымен жеке жұмыс жасауға мүмкіндік бермейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қала мен ауыл арасындағы алшақтық та айқын: бір аймақта жаңа мектептер салынса, басқа өңірлерде интернет пен техника жетіспейді. Президенттің «Ауыл мен қала баласының мүмкіндігі тең болуы тиіс» деген талабы нақты іске айналуы қажет», - деді ол.

Депутат атағандай, білімдегі олқылықтарды толтыру үшін ата-аналар балаларын репетиторға беруге мәжбүр. Қазіргі уақытта репетиторлыққа сұраныс шамамен 25 пайызға артқан. Депутат бұл жағдайды әлеуметтік әділетсіздіктің күшеюі ретінде бағалады, өйткені барлық отбасының мүмкіндігі бірдей емес. Осылайша білім теңсіздігі күшейіп, әлеуметтік әділетсіздік тереңдеуде.

«Білім сапасы тікелей ұстазға байланысты. Қазіргі уақытта қағазбастылықты жоямыз деп барлық қызметті цифрландыру процесі жүріп жатыр. Оның ішінде педагогтердің аттестациясы мен жұмысқа қабылдау рәсімдері де бар. Бұл, әрине, тиімді көрінуі мүмкін, алайда электронды форматта өткізілгенімен, көбіне сканерленген құжаттармен шектеледі. Ал мұндай құжаттардың шынайылығы - бөлек мәселе. Осы орайда, аталған екі рәсімде де адамның жеке тұлғалық қасиеттері мен маман ретіндегі шынайы құзыреттілігін толық бағалау қиын. Сондықтан балаға білім мен тәрбие беру негізгі мақсат екенін ескере отырып, бұл рәсімдерге «әңгімелесу» немесе «сабақ беру» кезеңін қосу орынды», - деді ол.

Жайымбетовтің айтуынша, білім сапасы үшін жауапкершілік тек білім басқармаларының мойнына ілінген. Біліктілікті арттыру орталықтары миллиардтаған бюджет қаржысын игереді, бірақ олардың нақты нәтижесі ешкімнен сұралмайды. Педагогтердің біліктілігін арттыру процесі көбіне республикалық мекемелерде екі-үш аптаға созылатын курстармен шектеліп, оқушылардың білім сапасына айтарлықтай әсер етпейді.

Депутат осы мәселелерді шешу мақсатында «AMANAT» партиясы фракциясының қандай ұсыныстарды енгізгенін атап өтті. 

  • Мұғалімдердің кәсіби дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеру және біліктілік арттыру орталықтарына нақты нәтиже үшін жауапкершілік жүктеу.
  • Аттестация мен жұмысқа қабылдау рәсімдерін қайта қарап, мұғалімнің практикалық шеберлігін бағалайтын кезең енгізу.
  • Білім сапасын бағалауда кешенді және әділ көрсеткіштер жүйесін енгізу, сонымен қатар тәуелсіз бағалау жүргізетін ұлттық зерттеу институтын құру.
  • Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға бағытталған нақты индикаторлар мен қаржылық тетіктерді бекіту.
Серіктес жаңалықтары