«XXI ғасырда мәліметтер қолмен жиналады, станциялар тозған»: депутат су бассейндерінің ахуалын айтты
Су сапасы бойынша үздіксіз онлайн датчиктер жоқтың қасы
Қазақстан үшін су ресурстарының мәселесі ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысты. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин жаңа Су кодексінің аясында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың сөзінше, елде сегіз су бассейні бар, олардың ішінде Ертіс, Балқаш-Алакөл, Жайық-Каспий, Арал-Сырдария өзендері ерекше маңызды. Алайда, осы ірі бассейндерде басқарушылық, экологиялық, инфрақұрылымдық және қауіпсіздікке қатысты жүйелі проблемалар сақталып отыр.
«Ең алдымен су бассейндерін басқаруда су лимиттері мен оларға рұқсат беруде ашықтық жоқ. Сондай-ақ, трансшекаралық өзендер бойынша көршілерімізбен деректер алмасу толық емес. Су қоймаларында, каналдарда және суару жүйелерінде судың «көлеңкелі айналымы» әлі де бар», - деді ол.
Сонымен қатар, су ресурстарын басқарудағы институционалдық тиімсіздік бар. Бассейндік инспекциялар, гидромет, суармалы су қызметтері мен экологиялық құрылымдар арасында үйлесімділік төмен. Бассейндік қағида қағаз жүзінде болса да, іс жүзінде әр ведомство өз жұмысын дербес жүргізеді. Мониторинг, мәліметтер жинау және жоспарлау арасындағы байланыс жоқтығы электр энергиясын өндіру, су экологиясы мен төменгі ағыс балансы арасында қайшылықтар туғызады.
Депутат сондай-ақ толық және сенімді гидрологиялық деректердің жоқтығын атап өтті.
«Көптеген станциялар ескірген, XXI ғасырда тәуліктік немесе апталық мәліметтерді жинау қолмен өлшенеді. Су сапасы бойынша үздіксіз онлайн датчиктер де жоқтың қасы. Соның салдарынан ірі өзендерде ағын көлемі туралы нақты және жедел деректер жоқ. Тұтыну көлемі, суару шығындары, булану, жер асты су деңгейлері де толық есепке алынбайды», - деді ол.
Депутат атап өткендей, экологиялық деректердің де тапшылығы байқалады.
«Биоалуантүрлілік, ихтиофауна, ластаушы заттар бойынша жүйелі дерек жинау жүргізілмейді. Бұл ретте, ескі әдістер (желілік ау, көзбен бағалау, лабораториялық талдаудың баяулығы) өзекті ақпарат бермейді. Сондықтан, ластау көздерін (жер асты суы, кен қалдықтары, ескі полигондар) модельдеу мүмкін емес. Сондай-ақ, Каспий, Арал, Балқаш көлдерінде, Ертіс, Жайық, Сырдария өзендерінде, жалпы барлық су бассейіндері бойынша ауыр металдар, тұрмыстық химия және басқа да зиянды заттар туралы да толық мәліметтер жоқ», - деді ол.
Еділ Жаңбыршин табиғи және антропогендік факторлар, халық санының өсуі, аграрлық жүктеме, индустриялық кәсіпорындардың әсері кешенді бағаланбайтыны айтты. Климаттық трендтер мен гидроморфологиялық өзгерістер де деректерге интеграцияланбаған.
«Саладағы цифрландыру деңгейі төмен. Су жүйелерінің 90%-ы онлайн мониторингтен тыс, нақты уақыт режимінде басқару құралдары жоқ. Бұл жаңа Су кодексінде көрсетілген бірыңғай деректер платформасын құру міндетіне қайшы», - деді депутат.
Еділ Жаңбыршин әлемдік тәжірибелерді мысалға келтіріп, Қытайдың су бассейндерінде «Цифрлық егіз» (Digital Twin) технологиясын енгізу тәжірибесін атап өтті. Бұл жүйе өзен мен көлдердің «тірі» цифрлық моделін құрып, нақты уақыт режимінде экожүйенің жағдайын көрсетеді, ластану көздерін анықтайды, құрғақшылық немесе тасқын сценарийлерін болжайды.
Осыларды айта келе депутат Үкіметке мынадай ұсыныстарды жасады:
- «Ұлттық су экожүйелерінің цифрлық орталығын» және экологиялық ДНҚ (eDNA) зертханасын құру, биоалуантүрлілік мониторингін жаңғырту;
- Пилоттық жоба ретінде Жайық–Каспий және Балқаш-Алакөл бассейндеріне «Цифрлық егіз» платформасын жасау, кейін барлық су бассейндеріне енгізу;
- Жобаларды тәжірибесі мол шетелдік компаниялармен және халықаралық су институттарымен бірлесіп жүзеге асыру, бұл технологиялық тәуекелдерді азайтып, жобаның халықаралық деңгейде мойындалуын қамтамасыз етеді.
Депутаттың пікірінше, бұл шаралар Қазақстанның жаңа Су кодексін толық жүзеге асыруға, Президент тапсырған «суды үнемдеу және су саласын цифрландыру» міндетін орындауға мүмкіндік береді.