Вирустың кең тарауына халықтың немқұрайлығы себеп болып отыр – Тоғжанов
Вице-премьер тұрғындардың әліге дейін той тойлап жүргенін айтты
ҚР Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Орталық Коммуникациялар алаңында өткен брифингте коронавирустың кең таралуына халықтың немқұрайлығы себеп болғанын атап өтті, деп хабарлайды Azazttyq Ruhy тілшісі.
«Вирустың ел ішінде кең тарауының екінші бір себебі - халықтың ескертуге құлақ аспаған немқұрайлығы болып отыр десем артық емес. Әлем бойынша бұл індетті 10 миллионнан астам адам жұқтырып, 500 мыңнан астамы қайтыс болса да, біздің ел тығылып той тойлап, бетперде киюді әлі ұят санайтындар бар. Мысал келтіретін болсақ, амбарларға тығылып той тойлау, артқы есіктен қыз ұзату, аулаға той жасау, құдалық өткізу, ас беру, туған күн тойлау сияқты басқа да шаралар толып жатыр. Осындай әр шараның соңында 20-дан астам адам ауруханаға түсіп, қаза болып жатыр. Мемлекет басшысы айтқандай, қазір «Той тойлайтын кезең емес, ой ойлайтын кезең». Біз бір халықпыз, олай болатын болса жауапкершілікте бір», - деді ол.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан